Жаңа мектептер, заманауи ауруханалар мен қолжетімді спорт нысандары. Абай облысының алдағы бес жылдағы әлеуметтік дамуы қандай бағытта өрбиді? Бұл мәселелер «Әділет» партиясының Абай облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында өткен кездесуде талқыланды.

Жиынға «Әділет» партиясынан мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттар Ұлан Сағадиев, Мерей Қарт, Әйгерім Жұмақанова, Мұхит Тұрсынов және Думан Орынбеков, сондай-ақ Ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында кандидаттар партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, облыстың әлеуметтік дамуына қатысты мәселелерді талқылады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин мемлекет мүддесін қолдайтын, елдің дамуына үлес қосуға дайын азаматтардың қоғамдық іске араласуы маңызды екенін атап өтіп, кандидаттарға қолдау білдірді.

Кандидаттардың сайлауалды штабының мүшелері білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларындағы жоспарларға жеке-жеке тоқталды.

Атап айтқанда, спикер Мерей Қарт білім беру саласындағы міндеттерді таныстырды. Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін облыста 5 200 орындық 8 мектеп салу, 20 білім беру нысанын күрделі, 322 нысанды ағымдағы жөндеуден өткізу көзделген. Сонымен қатар STEM және пәндік кабинеттер санын арттыру жоспарланып отыр.

Ал Әйгерім Жұмақанова денсаулық сақтау саласындағы басымдықтарды атап өтті. Жоспар бойынша Семей қаласында 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасы салынады. Сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту көзделген.

Кандидат Думан Орынбеков әлеуметтік ынтымақтастық пен бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне тоқталды. Сайлауалды бағдарламада 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, 9 спорт модулін және 3 жүзу бассейнін салу қарастырылған. Бұдан бөлек, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысу үлесін 53 пайызға дейін жеткізу міндеті белгіленген.

Кездесуде өңірдің дамуы нақты нәтижелермен өлшенуі керектігі де айтылды. Жаңа мектептер балалардың сапалы білім алуына, заманауи ауруханалар медициналық көмектің қолжетімді болуына, ал спорт нысандары тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасауы тиіс. Сондықтан әрбір жоспардың орындалуы және оның халықтың күнделікті өміріне беретін пайдасы маңызды екені атап өтілді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, ардагерлер өңірдің әлеуметтік дамуына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

«Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі