Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков алдағы республикалық референдум қарсаңында аға буын өкілдерімен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жөнінде баяндады. Іс-шара алдағы жауапты кезең алдында ақсақалдардың батасын алып, парасатты пікірін тыңдау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге 70-тен астам ардагер қатысты.
Жиында Шалқар Байбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен басталған жалпыұлттық референдум үдерісінің маңызын атап өтті. Жаңа Конституция жобасының ел болашағына әсері, әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі және азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған тетіктері жөнінде кеңінен айтып берді.
Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Алин жүргізді. Өңірдің құрметті азаматтары сөз сөйлеп, реформаның тарихи мәніне тоқталды.
Ардагерлер тарихи сабақтастық, мемлекет тұрақтылығы, жастар тәрбиесі мен ұлттық бірлік мәселелерін көтеріп, өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып пайымды пікір білдірді.
«Құрмет» орденнің иегері, Абай облысына еңбек сіңірген Төс белгісінің иегері, Семей қаласының Құрметті азаматы Зейнолла Тоқаев
«Біз, үлкендер елдің ащы-тұщысын көрдік. Мен бұған дейін бірнеше референдум мен сайлауға қатыстым. Түптеп келгенде халық әрқашан дұрыс шешім қабылдайды. Бүгінгі өзгерістердің мәнін түсінеміз. Ғылым, білім, өндіріс пен шаруашылық біріккенде ғана мемлекет дамиды. Жастар да бұл науқанда белсенділік танытып, ел болашағы үшін дауыс береді деп сенемін. Абай елі деген атқа лайық болып, бір кісідей жұмылып, ортақ шешімге келейік», - жастарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Құрмет» орденнің иегері, Абай облысына еңбек сіңірген Төс белгісінің иегері, Семей қаласы мен Абай ауданның Құрметті азаматы Отантай Қәрібжанов
«Конституция – әр мемлекеттің айнасы. 1995 жылғы Ата Заң мен бүгін ұсынылып отырған жаңа редакция арасында елеулі айырмашылық бар. Мәтіннің 84 пайызына өзгеріс енгізілуі – бұл жай түзету емес, ауқымды жаңғыру. Біз жобаны мұқият оқып, зерделедік. Бұл – жастар үшін де, елдің болашағы үшін де маңызды құжат. Осындай тарихи кезеңде белсенділік таныту – әр азаматтың жауапкершілігі», - деп жаңа жобаны ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам екенін жеткізді.
Ардагерлер халық болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, ел бірлігі мен берекесін тілеп, бата берді.



























