1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай Семей қаласында салтанатты қабылдау шарасы өтті. Қарияларға құрмет көрсетуге арналған жиынға облыс әкімі Берік Уәли, өңірдің қала-аудандарынан ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен сіңірген еңбегіне құрмет білдірді.
Бүгін – даналық пен парасаттың мерекесі. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Егемен еліміздің тарихи бастауында тұрып, қуатты мемлекетті қалыптастыруда дария кеуде, тау мүсін, қазыналы қарттардың еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі қоғам жол көрсетіп, жөн сілтейтін ұлттық тәрбиенің негізі болған ақсақалдармен құнды. Сіздер өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі, бастау бұлағысыздар. Мемлекет тарапынан ел Президентінің қолдауымен аға буын өкілдеріне әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында нақты шаралар қабылданып келеді. Абай облысында да зейнеткерлерге жан-жақты қолдау көрсету басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Атадан қалған аманатты ұрпақ бойына сіңіріп, сабақтастықты үзбей, қоғам игілігі жолында атқарған зор еңбектеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, - деді облыс әкімі.
Шара барысында өңірдің әр саласында еңбегімен еленген ардагерлер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, республикалық Ардагерлер ұйымының төсбелгісімен және Грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Аға буын өкілдеріне шығармашылық ұжымдар мерекелік бағдарлама ұсынды.
Жылы рәуіште өткен кездесуде ардагерлер елдің береке-бірлігі, жастардың болашағы туралы ойларын ортаға салды.
Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп белгілеген болатын. Бүгінгі мерекеге Семей, Курчатов қалаларынан, облысымыздағы 10 ауданнан кезінде механизатор, сауыншы, шопан, бақташы болып жұмыс істеген қарапайым еңбек адамдарының арнайы шақырылып, марапатталып жатқаны бізді қуантып отыр. Барлық ардагерлердің басын қосып, құрмет көрсеткені үшін ардагерлер ұйымы атынан үлкен алғысымды айтқым келеді, - деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин.
Қазіргі уақытта өңірде 100 мыңға жуық зейнет жасындағы қария тұрады. 2023 жылдан бастап облыстық мәслихат шешіміне сәйкес жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Қарағайлы» санаторий-курорттық емдеу орнына зейнет жасындағы азаматтарды сауықтыру жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде сауықтыру шараларымен 6 мыңға жуық адам қамтылды.