Облыста автомобиль жолдары мен жылыту бекеттерінің қыс мезгіліне дайындығы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев, «Қазавтожол» Ұлттық Компаниясы» АҚ Абай облысы филиалының директоры Айбек Әнуарбеков баяндады.
Абай облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 10228 шақырымды құрайды. Биыл өңірде 408 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Жолдарды қыс мезгіліне дайындау шаралары аясында облыстық маңызы бар 3 нысанда құрылыс аяқталды, қалған төртеуінде жұмыс жүріп жатыр. Қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау жұмысына 100-ге жуық техника жұмылдырылып, қажет болған жағдайда қосымша жеке кәсіпкерлердің техникасы тартылатын болады, - деп атап өтті Асхат Есеев.
Сонымен қатар, «Қазавтожол» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы Абай облыстық филиалы өңір аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 2176 шақырымына қызмет көрсетеді.
«Қазавтожол» ҰҚ АҚ атқаратын жұмыстарға 308 қызметкер, 107 техника және 22 өндірістік база жұмылдырылған. Жолдардың бойында 22 өндірістік база, 7 жол-пайдалану учаскесі және осынша жол-пайдалану пункті жұмыс істейді. Қолайсыз ауа райында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсету үшін облыс аумағында 121 жылыту бекеті ұйымдастырылған. Олардың жалпы сыйымдылығы – 1120 адамды құрайды, - деді Айбек Әнуарбеков.