Абай облысының әкімдігі мен облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп ұйымдастырған форумның басты мақсаты – қоғамда құмар ойындарының зиянына қарсы иммунитет қалыптастыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және лудоманияның алдын алу бағытында бірлескен іс-қимылдарды күшейту.
Форум аясында экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары тұрғындарға құмар ойындарына қатысты құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берді.
Шара барысында «Суреттер/плакаттар», «Өлеңдер мен ұрандар, мемдер», «Көркем оқу шеберлері», «Эссе/блог-пост», «Фотобайқау», «Комикстер мен сторибордтар», «Музыкалық байқау» сияқты бірнеше номинация жеңімпаздары марапатталды.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жиынның аса өзекті мәселеге арналғанын атап өтіп, қауіпті кеселге жол бермеуге атсалысып келе жатқан Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне алғысын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам» деп айтқан болатын. Бұл сөздер – баршамызға берілген бағыт-бағдар. Лудомания – Президент атап өткен бес кеселдің бірі. Хакім Абай: «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол» – деп, ұрпағын ізгілікке, парасатқа шақырған. Осы өсиеттің мәні мен мағынасы өте терең. «Абай облысы – лудоманиясыз аймақ» жобасы, міне, осы қоғам дертінен аулақ болуға шақырады. Мұндағы басты мақсат – ұрпақты жаман әдеттен қорғау, жастардың санасын дұрыс қалыптастыру, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі іс-шара барысында зор талабы үшін Семей қаласындағы №10 мектептің 2-сынып оқушылары Жанель мен Анель Жиенбековаларға арнайы сыйлық табыс етті. Олар байқау тақырыбына сәйкес бейнеролик жариялаған екен.
Форумда «Дариға-ай» жастар театрының «Шәй ішейікші» атты театрландырылған қойылымы көрсетіліп, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище ұжымы мен Әміре Қашаубаев мемлекеттік филармониясының әртістері концерттік бағдарлама ұсынды.