Былтыр желтоқсан айында Семей қаласында «Туған жерге туыңды тік» форумы аясында 1890 жылы салынған тарихи ғимарат жаңғыртылып, «PANA» қонақ үй кешені пайдалануға берілген болатын. Бүгін осы ғимаратта қаламгерлер бөлмесінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан кәсіпкер Сырымбек Тау, жазушы-драматург Роллан Сейсенбаев, Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, дінтанушы, жазушы Қайрат Жолдыбайұлы, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жоба еліміздің әр өңірінен келетін ақын-жазушылар мен қаламгерлерге Семейде, осы қонақ үйден берілетін екі бөлмеде 10 күнге дейін тегін тұрып, шығармашылықпен айналысуға, қаламен танысуға және әдеби кездесулер өткізуге мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде аймақ басшысы Семейдің қазақ руханиятындағы алар орнының зор екенін айтып, қаламгерлерге қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
Бүгінде қала қонақтары мен жергілікті тұрғындардың сүйікті ортасының біріне айнала бастаған «PANA» қонақ үйі былтыр ашылғанда біз инвесторлармен, осында отырған Сырымбек Тау бауырымызбен бірге осында шығармашылық адамдарына арналған қаламгерлер бөлмесін ашу туралы келіскен болатынбыз. Еліміздің әр өңіріндегі жазушы, ақындар, жалпы қаламгерлерге арнайы бөлмелерді дайындап, қаламен танысып, шығармашылық кездесулер жасап, жазумен алаңсыз айналысуы үшін бұл таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз. Мұндай тәжірибе Кеңес заманы кезінде Жазушылар одағында болған. Өздерінің шипажайлары болған. Тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы Семей қаласында шығармашылық адамдарына арналған арнайы бөлменің болуы заңдылық деп ойлаймыз. Осы жобаны іске асыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтамын, – деді Берік Уәли.
Бөлме ресми ашылғанға дейін мұнда ақын Әбубәкір Қайран, профессор Тұрсын Жұртбай, жазушы Қанат Тілеухан секілді онға жуық қаламгерлер аялдаған еді.
Жазушы-драматург Роллан Сейсенбаев қаламгерлер бөлмесінің ашылуы жазушыларға шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндік беретін маңызды бастама екенін атап өтті.
Шығармашылық адамдарына, әсіресе жазушыларға бастаған шығармасының соңғы нүктесін қоятын осындай үй қажет-ақ. Мен көп жыл шетелде тұрдым. Қалам иелеріне, шығармашылық адамдарына арналған мұндай орынды еш жерден көрген жоқпын. Мұндай дүние тек Семейде ғана бар. Осы жерде үлкен шығармалар дүниеге келсін. Құтты болсын! – деді жазушы.
Облыста әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылығын насихаттауға, мұрасын ұлықтауға арналған шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Былтыр Абайдың 180 жылдығы, биыл Ақтамберді жыраудың 350 жылдығы аталып өтіп, жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Несіпбек Айтұлының шығармашылығына арналған еске алу кештері, Төлеген Мұхамеджановтың, Секен Тұрысбектің шығармашылық кештері ұйымдастырылды. Жазушы Тұрсын Жұртбай мен сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың 75 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық ән байқауы, этнограф Молдабек Жанболатовтың 90 жылдығына орай іс шаралар өтті. Алдағы уақытта ғалым Қайым Мұхамедхановтың мұрасына арналған шаралар ұйымдастыру, жазушы Роллан Сейсенбаевтың мерейтойын атап өту жоспарланып отыр.


























