Аймақтық Полиция департаментінің бастамасымен 4-13 қазан аралығында өңірде «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып жатыр.

Бұл туралы облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Данияр Нұрпеисов бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында  баяндады.

Қазір жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Іс-шараның алғашқы бес күнінде 868 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 13 жүргізуші қарсы жолаққа шыққан, 17-сі апатты жағдай туғызған, 11 адам мас күйінде көлік басқарған. Сондай-ақ, 81 жүргізуші телефон пайдаланғаны үшін, 208 адам қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 22 адамның жүргізуші куәлігі болмаған, – деді Данияр Нұрпеисов.

Облыс аумағында күн сайын 27 патрульдік бекет кезекшілік етеді. Оның 18-і – патрульдік қызмет батальонының, ал қалған 9-ы облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда жұмыс істейді.

Сонымен қатар, жүргізу құқығынан айырылған 10 адамның көлік тізгіндегені анықталды. Барлығына қатысты тиісті шара қолданылды. «Сергек» және «Zerek» жүйелері арқылы да мыңнан астам заң бұзушылық тіркеліп, айыппұлдар автоматты түрде рәсімделді, – деп толықтырды аға инспектор.