Семей қаласында «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалы жанындағы №15 бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесу өтіп, Жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдумның маңызы туралы мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қоғамдағы өзгерістер, ел дамуының жаңа кезеңі және азаматтардың белсенділігі туралы ойлар ортаға салынды.

Іс-шараға коалиция мүшелері Марат Құрманбай және Наталья Перцева қатысып, конституциялық реформалардың елдің тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Марат Құрманбай өз сөзінде Жаңа Конституцияны мемлекеттің жаңару жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалады. Оның айтуынша, кез келген мемлекет үшін негізгі заң – қоғамның дамуына бағыт беретін басты құжат. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Ол сондай-ақ алдағы референдумның маңыздылығына тоқталып, әр азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарауы керектігін айтты.

Ал Наталья Перцева референдумның демократиялық қоғамдағы рөліне ерекше назар аударды. Ол халықтың өз пікірін ашық білдіруі – қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың негізі екенін атап өтті. Оның пікірінше, Конституция халықтың еркімен қабылданғанда ғана шынайы халықтық құжатқа айналады. Сондықтан әрбір азамат ұсынылып отырған өзгерістермен танысып, өз таңдауын жасауға белсенді қатысуы қажет.

Жалпы, БПҰ мүшелерімен өткен дәстүрлі кездесу мазмұнды әрі пайдалы пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, қоғамның дамуына әр азаматтың белсенді қатысуы маңызды екеніне тоқталды.