Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Судағы қауіпсіздік: жаз мезгіліндегі шомылу ережелері» баспасөз туры өтті.
Іс-шара барысында мамандар Семей қаласындағы ресми жағажайлардың дайындығын көрсетіп, тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат берді. Баспасөз турына қатысушылар қалалық жағажайда, «Заря» жағажайында және Затон демалыс аймағында болды.
Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Темірлан Амантаевтың айтуынша, қала аумағында шомылуға рұқсат етілген үш жағажай бар. Бұл орындарда құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күн сайын кезекшілік атқарады.
Қазіргі уақытта шомылуға рұқсат етілген барлық жағажай қажетті құралдармен жабдықталған. Құтқарушылар күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар шомылуға тыйым салынған аумақтарға ескерту белгілері мен QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Тұрғындар QR-код арқылы қауіпсіздік ережелерімен таныса алады. Су айдындарында түсіндіру жұмыстары мен тексерулер тұрақты ұйымдастырылып келеді, – деді Темірлан Амантаев.
Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған азаматтарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 36 хаттама толтырылған.
Мамандар тұрғындарға тек арнайы белгіленген орындарда шомылуға, мас күйде суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес берді. Су жағасындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтауға көмектеседі.



























