«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Абай облысының әкімдігі мен Абай облысы Полиция департаменті бірлесіп елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға бағытталған кезекті рейд ұйымдастырды.

Шараның мақсаты – заңсыз қоқыс орындарының алдын алып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты түрде рейд жүргізіп келеді. Біздің мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына ықпал ету. Әр азамат тазалықты сақтауға үлес қосса, өңіріміз де таза, жайлы әрі көрікті болады, – деді Абай облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мейрбек Нүрекенов.

Жыл басынан бері облыста абаттандыру қағидаларын бұзудың 6 767 дерегі тіркелді. Сонымен қатар 45 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 30-ы жойылды.

Рейд барысында Абай облысының жастары қала тұрғындарына тазалықты сақтау жөніндегі ақпараттық парақшалар таратып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды. Мұндай жұмыстар өңірде алдағы уақытта да жалғасады.