Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлық цифрлық активтер нарығын дамытуға қосымша жағдай жасауға, инвестициялар тартуға және Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы өңірлік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.

Құжатта саланы қолдауға арналған кешенді шаралар көзделген. Олардың қатарында қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, қажетті инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ цифрлық активтердің айналымын құқықтық реттеуді жетілдіру және нарыққа қатысушылардың құқықтарын қорғау бар.

Бұл саланы мемлекеттік реттеудің негізі «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен қаланды. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап елімізде цифрлық активтер нарығын жүйелі реттеу қолданысқа енгізілді. Жаңа қағидаларға сәйкес қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары лицензия алады, ал цифрлық активтердің сауда платформалары мен цифрлық қаржы активтері платформаларының операторлары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы есептік тіркеуден өтеді.

Бұдан бөлек, бұған дейін банктер және банк қызметі туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, соның нәтижесінде цифрлық қаржы активтері активтердің жаңа сыныбы мәртебесіне ие болып, Қазақстанның құқықтық кеңістігіне енгізілді. Сондай-ақ банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникациялар салаларында жұмыс істейтін еншілес компанияларды құруға және сатып алуға құқық берілді.

Жаңа Жарлық цифрлық активтер индустриясының дамуына қосымша серпін беріп, нарықтың ашықтығын арттыруға, көлеңкелі айналым көлемін қысқартуға, шетелдік инвестициялар тартуға және экономиканың жоғары технологиялық салаларында жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деп күтілуде.