Семей қаласында жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.
Иммунопрофилактика – бұл вакцинация арқылы жасанды иммунитет қалыптастырып, жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған шаралар жүйесі.
Вакцинацияның арқасында адамзат шешек ауруын жойып, қызылша, дифтерия және полиомиелит сияқты аурулардың таралуын едәуір төмендетті. Бүгінде вакцинация жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін денсаулық сақтау саласындағы ең тиімді шаралардың бірі болып саналады, – деп атап өтті Шыңғыс Чокушев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада вакцинациямен қамту деңгейі айтарлықтай жоғары болды. Атап айтқанда, жаңа туған нәрестелерді туберкулезге қарсы егу көрсеткіші 94,7%, ал В вирустық гепатитіне қарсы егу 95,2% құрады.
Бір жасқа дейінгі балаларды көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит және гемофильді инфекцияға қарсы қамту 79,9%, пневмококк инфекциясына қарсы – 80,2%, қызылша, қызамық және паротитке қарсы – 81,6% болды. Ал 11–13 жас аралығындағы қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау деңгейі 46,7%-ға жетті, – деді спикер.
Динара Тлекинаның айтуынша, вакцинациядан бас тартудың негізгі себептері – жеке наным-сенім, вакциналарға деген сенімсіздік, көші-қон процестері, сондай-ақ негізсіз медициналық қарсы көрсетілімдер. Бұл жағдайлар жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттырып, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын қиындатады.



























