Отбасы – ұлттың басты құндылығы. Бұл бағытта отбасындағы өзара сыйластық пен жылулықтың маңызы ерекше.

Осы тақырыпқа қатысты ой-пікірін Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған сұхбат барысында "Семейділ" қоғамдық қорының директоры Зере Кәменқызы жеткізді.

– Отбасы – адам баласының ең бірінші мектебі. Ол жерден біз мейірімділікті, сыйластықты, қамқорлықты үйренеміз. Мен үшін отбасы жылуы – анамның бауырсақ пісірген кездегі иісімен, ауылдағы самал желдің әуенімен, әкемнің ақылға толы сабырлы үнімен есте қалады. Әр шаңырақтағы мейірім мен махаббат – баланың бойына өмірлік азық болып сіңеді, - деп атап өтті спикер.

«Әже – ұлттың алтын қазығы» дегендей, спикердің айтуынша, немерелермен жылы қарым-қатынас орнатып, олардың тәрбиесіне мейірім мен даналық арқылы үлес қосу – аса маңызды.

– Әже мен немере арасындағы байланыс – ұрпақ сабақтастығының өзегі. Мен немерелеріме ертегі айтып, қазақы салт-дәстүрді түсіндіріп отыруға тырысамын. Өйткені ертегі тыңдаған бала қиялы бай, тілі орамды, жүрегі жұмсақ болып өседі. Әже берген тәрбие – ананың да, мектептің де тәрбиесіне қосымша рухани тірек, - деп түйіндеді " Семейділ" қоғамдық қорының директоры Зере Кәменқызы.