Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Құрылтайдың негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі құзыреті қандай болатынын түсіндірді.
Мемлекет басшысы негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыретіне қатысты ұсыныстарын Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті. Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды. Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды, - деп еске салды Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылғанын айтты.
Сонда Құрылтай конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналады. Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам. Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал, Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды. Мұндай тәсіл «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толық үндеседі, - деді Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары.



























