Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Абай облысында жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында кең көлемде атап өтіледі. Облыс бойынша 300-ден астам мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бұл туралы толығырақ Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан кеңінен тарқатты.

Мерекелік бағдарламалар қалалар мен аудандарда тақырыптық және фольклорлық кештер, тұрғындармен кездесулер, қайырымдылық акциялары, концерттер және түрлі мәдени жобалар форматында өтеді. Негізгі іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өңірдің тарихи-рухани мұрасын насихаттауға және тұрғындардың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған. Семей қаласында облыстық музейлер тақырыптық экскурсиялар мен шығармашылық кездесулер өткізеді. Ал Абай атындағы театрда «Әз-Наурыз» интермедиясымен қатар «Ғажайып сәуле», «Ұр тоқпақ», «Бір қап алма», «Самый смелый заяц» сияқты ертегілерді қамтыған 15 қойылым көрерменге ұсынылады, - деп атап өтті спикер.

Наурызнаманың әр күніне арналған арнайы іс-шаралар да жоспарланған. 

Мәселен, 14 наурыз – Көрісу күні «Семей көктемі» фестивалімен ашылады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында қарттар үйі мен балалар мекемелерінде «Жан жылуы» қайырымдылық концерті өтеді. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні филармонияда Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбектің шығармашылық кешімен ерекшеленеді. Сонымен қатар 17 наурыз – Шаңырақ күні отбасылық құндылықтарды насихаттайтын жобалар, 18 наурыз – Ұлттық киім күні ұлттық киімдер дефилесі мен челлендждер, 19 наурыз – Жаңару күні Батыс Қазақстан және Абай облысы ақындарының командалық айтысы ұйымдастырылады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату және садақ ату жарыстарымен жалғасады, - деді басқарма басшысы.

Ал 21 наурыз – Ынтымақ күні Достық үйінде этностардың мәдениеті мен дәстүрін танытатын мерекелік шара өтеді. 22 наурыз – Жыл басы күні облыстың барлық қала және аудандарында орталық алаңдарда үлкен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, «Әз Наурыз» мерекесі кеңінен тойланады.

Наурызнаманың қорытындысы 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталып, «Таза Қазақстан» жобасы аясында облыстың барлық өңірінде тазалық акциялары ұйымдастырылады.