Абай облысының Көкпекті ауданында мемлекеттік қызметтің әдеп стандарттарын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда заңға құрмет пен адалдық қағидаттарын орнықтыру мәселелеріне арналған форум және бірқатар ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен шараларға мемлекеттік қызметшілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Форум барысында мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершілік, қызметтік әдеп талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру мәселелері талқыланды. Қатысушыларға заңнамадағы өзгерістер мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінде басшылыққа алуы тиіс негізгі талаптар түсіндірілді.

Жұмыс сапары аясында Қоғамдық кеңес мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы қоғамдық институттардың рөлі, ашықтық пен қоғамдық бақылауды дамыту мәселелері қаралды. Кездесу барысында тұрғындармен өзара байланысты нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру және адалдық қағидаттарын күнделікті өмірде ұстанудың маңыздылығы сөз болды.

Іс-шаралар барысында «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамаларының негізгі бағыттарын ілгерілету мәселелеріне де басымдық берілді. Атап айтқанда, өскелең ұрпақтың бойында адалдық пен отаншылдық құндылықтарын қалыптастыру, заң талаптарын сақтау мен құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидатын нығайту, сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және қоғамдық тазалық мәдениетін дамыту қажеттігі атап өтілді. Аталған бастамаларды жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның және тұрғындардың бірлескен іс-қимылын талап етеді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ауылдық жерлерді де қамтыды. Көкпекті ауданының Преображенка, Үлкенбөкен және Теректі ауылдық округтерінде мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік мекемелердің мамандарына және тұрғындарға арналған көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Кездесулерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары, қызметтік әдеп нормалары, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері түсіндірілді.

Жастар арасында адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеуге де ерекше назар аударылды. Білім беру ұйымдарында өткізілген танымдық кездесулер мен интерактивті іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрметін қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын нығайтуға бағытталды.

Аталған шаралар мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және тұрғындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңейтуге және адалдық қағидаттарын қоғам өміріне орнықтыруға бағытталған.

Заңдылықты сақтау, ашықтықты қамтамасыз ету және әрбір азаматтың алдындағы жауапкершілікті сезіну – сенімді әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті