Әскери бөлімдер мен мекемелерде, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерде Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 102 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті.

Ақмола облысының Ақкөл қаласында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрінің рухына тағзым ету үшін Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары генерал-майор Бауыржан Ибатулин, Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов, әскери қызметшілер, жергілікті тұрғындар, әскери колледж кадеттері мен мектеп оқушылары жиналды.

Іс-шараға сондай-ақ Қарулы күштердің ардагерлері генерал-майорлар Әлихан Жарболов, Еділ Оразов, Қажығали Мұқатов және батырдың немере інісі отставкадағы подполковник Келден Нұрмағамбетов қатысты.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов – ел тәуелсіздігі жолында өлшеусіз еңбек еткен, қазақ армиясының қалыптасуына зор үлес қосқан тарихи тұлға. Оның ерлігі мен отансүйгіштік рухы бүгінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді. Батырдың өнегелі өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, ел мүддесін бәрінен биік қоюдың айқын көрінісі. Халық қаһарманының жарқын бейнесі мен есімі ұлт жадында мәңгі сақталып, жас буынның бойына патриоттық рух пен елге деген сүйіспеншілікті сіңіре бермек, – деді генерал-майор Бауыржан Ибатулин.

Өз сөздерінде отставкадағы генерал-майор Әлихан Жарболов пен Ақкөл қаласының әкімі Біржан Әбдірахманов Сағадат Қожахметұлының еліміздің Қарулы күштерін қалыптастырудағы және қазақстандықтарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудегі тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Іс-шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.

Салтанатты рәсім Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде де өтті. Оған оқу орнының басшылығы, оқытушылар, кадеттер мен ұландар, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері қатысты.

Олар аңызға айналған қолбасшының бюстіне гүл шоқтарын қойып, Сағадат Нұрмағамбетовтың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды. Өз сөздерінде колледж бастығы полковник Ғазиз Төлеуішев, Қарулы күштердің ардагерлері генерал-майор Марат Нағұманов пен контр-адмирал Ратмир Комратов көрнекті қолбасшының Қазақстан армиясының қалыптасуындағы рөлін ерекше атап өтті.

Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі мемориалдық тақтаға гүл қою рәсімі өтті.

Қазақ халқының көрнекті перзентінің рухына тағзым етуге Алматы өңірлік гарнизонының қолбасшылығы мен әскери қызметшілері, ардагерлер, әскери оқу орындарының курсанттары, сондай-ақ батырдың қызы - Айсұлу Нұрмағамбетова қатысты. Митингке сөз сөйлегендер есімі ел тарихына және Қазақстан Қарулы күштерінің шежіресіне мәңгі жазылған тұлғаны ерекше құрметпен еске алды.

Іс-шаралар әскери оркестр мен құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен өтті.