Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 27-29 мамыр аралығында атап өтіледі. Осыған байланысты өңірде мерекені ұйымдастыру, құрбандық шалу рәсімдерін талапқа сай өткізу және қайырымдылық шараларын үйлестіру жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінің наиб-имамы Қуаныш Серіков мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, облыс бойынша Айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де оқылады. Құрбандық шалу үшін санитарлық талаптарға сай арнайы орындар белгіленген. Атап айтқанда, құрбандық малдары Дальний кентіндегі қасапхана мен «Жоламан» Сары базарының қасапханасында сойылады.

Биыл да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясы өтеді. Құрбандыққа шалынатын малдар арнайы орындарға жеткізіліп, барлық рәсімдер шариғат және санитарлық талаптарға сәйкес ұйымдастырылады. Қасапшылар арнайы оқытудан өтіп, халал сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар, мұқтаж отбасыларға ет тарату жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіледі, – деді Қуаныш Серіков.

Өз кезегінде Семей қалалық Ағаш мешітінің имамы Дәулет Мақажанов Құрбан айттың тек құрбандық шалумен шектелмейтінін атап өтті.

Құрбан айт – адамдарды қайырымдылыққа, бауырмалдық пен жанашырлыққа үндейтін мереке. Бұл күндері мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, ағайын-туыспен араласу, ізгі амалдарды көбейту аса маңызды, – деді Дәулет Мақажанов.

Баспасөз мәслихатында құрбандық шалуға өтінімді qurban.muftyat.kz сайты арқылы немесе арнайы байланыс нөміріне хабарласу арқылы онлайн беруге болатыны айтылды. Сондай-ақ мереке күндері қайырымдылық акциялары, рухани кездесулер, ұлттық спорттық ойындар мен балаларға арналған іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Мамандар тұрғындарды құрбандық шалуды тек белгіленген орындарда өткізуге және санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары иелеріне мал бағасын негізсіз көтермеу жөнінде үндеу жасалды.