Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді

Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев видео байланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты.

Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген.

Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.

Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақ үйінің құрылысы басталды.