Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілікті дереу анықтап, құрылыс жұмыстарына кірісу керек. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

– Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз – деді ол. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс екенін бұған дейін де айтқанын атап өтті. Оның сөзінше, мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.

– Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек, – деді Президент.