Ұлттық оюмен өрнектелген бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қолдан тігілген киімдер мен ағаштан, былғарыдан жасалған туындылар. Семейде Республика күніне орай өткен «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі қазақ қолөнерінің байлығын паш етті. Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылған шара дәстүрлі өнерді дәріптеп, оны жаңа қырынан танытуға арналды.

Фестивальге Семей қаласы мен облыс аудандарынан келген қолөнер шеберлері, зергерлер, этнодизайнерлер және ұлттық киім тігетін мамандар қатысты. Астанадан арнайы шақырылған дизайнерлер де өз тәжірибесімен бөлісті. Қонақтар ұлттық бұйымдар көрмесін тамашалап қана қоймай, шеберлік сағаттарына қатысып, қолөнердің қыр-сырын үйренді.

Шара барысында Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева ұлттық өнерді сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қолөнердің қадірін арттыруға бағытталған. Көрмеге қойылған әрбір бұйымның артында шебердің маңдай тері, төзімі мен сүйіспеншілігі, сондай-ақ ұлтқа және мемлекетке деген құрметі жатыр. Осындай игі бастамаға қолдау білдіріп, өнерін ортаға салған облыс аудандары мен еліміздің өзге қалаларынан келген барша шеберге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Гүлнұр Ыдырышева.

Салтанатты шара барысында шеберлерге Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлының алғыс хаттары табысталды. Марапаттарды Гүлнұр Ыдырышева тапсырды.

Абай облысы «Қоғамдық келісім орталығы» директорының міндетін атқарушы Самат Карибжанов фестивальдің өңірде алғаш рет ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар ұлттық қолөнерді жаңғыртып, шеберлердің өзара тәжірибе алмасуына жол ашады.

Басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, атадан балаға мұра болып қалған қолөнерімізді қайта жаңғырту. Фестивальге Семей қаласы мен аудандардан келген шеберлермен қатар, Астанадан арнайы шақырылған, халықаралық деңгейде танылған дизайнерлер қатысты. Олар жергілікті шеберлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті, – деді Самат Карибжанов.

Ұлттық өнер фестивальдің мәдени бағдарламасында да көрініс тапты. Көрермендер «Бәйге» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйлерді тыңдап, домбырашылар ансамблінің өнерін тамашалады. Халық әндері шырқалып, «Тұмар» бишілер ансамблі батырлар биін ұсынды. Ал Астанадан келген «Zeken-MoDa» сән студиясының этно-fashion көрсетілімі ұлттық нақыштың сән әлеміндегі орнын көрсетті.

«ABAI ШЕБЕР FEST» атадан қалған асыл мұраны бүгінгі өнермен ұштастырып, ұлттық қолөнердің жаңа мүмкіндіктерін танытты. Фестиваль шеберлердің басын қосып қана қоймай, қазақы өнердің келешек ұрпақпен бірге жасай беретінін көрсетті.