Семей қаласында 2026 жылдың қазан айынан бастап халықты маусымдық тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.
Шыңғыс Чокушевтың айтуынша, жедел респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын кең таралған вирустық аурулар. Инфекция негізінен жөтелу, түшкіру және сөйлесу кезінде ауа-тамшы жолдары арқылы таралады. Сонымен қатар ластанған тұрмыстық заттар арқылы да жұғуы мүмкін.
Жыл сайын республикада ЖРВИ-дың 4–5 миллион жағдайы тіркеледі. Семей қаласында 2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-дың 11 мыңнан астам жағдайы анықталды. Тұмаудың зертханалық расталған 60-тан астам жағдайы тіркелді, — деді басқарма басшысы.
Қалада халықтың осал топтарын иммундау үшін жергілікті бюджет қаражатына «Гриппол®️ плюс» вакцинасы сатып алынған. Оның құрамында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2026–2027 жылдардағы маусымға ұсынған тұмау вирусының штаммдары бар.
Вакцинация ең алдымен медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлеріне, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша тиісті адамдарға жүргізіледі.
Тұмауға қарсы вакцина бір рет салынады. Иммунитет екпе алғаннан кейін шамамен 14 күн ішінде қалыптаса бастайды. Ол 6 айдан 1 жылға дейін сақталуы мүмкін. Вакцинация аурудың алдын алуға және оның асқыну қаупін төмендетуге көмектеседі, — деді Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Динара Тлекина.
Тұмау әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдары мен бүйрек ауруларына шалдыққан, сондай-ақ қант диабетімен ауыратын адамдарда ауру ауыр өтіп, түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Инфекцияның алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, жөтел, мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы жатады.
Мамандардың мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы мен көпжылдық бақылауларға сәйкес, ЖРВИ мен тұмаудың таралуы әдетте желтоқсаннан сәуір айының соңына дейін жалғасады.
Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін мамандар тұрғындарға қарапайым профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені үнемі желдету, ылғалды тазалық жүргізу, адам көп жиналатын орындарда ұзақ уақыт болмау және науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу қажет, – деп атап өтті Динара Тлекина.























