Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталды.

Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар.

Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді.

Бұл ретте Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы пікір білдірді.

Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.