ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің «Семей» шекара басқармасының әскери қызметшілері Салауатты өмір салты күніне орай арнайы спорттық іс-шара ұйымдастырды.
Аталған шара аясында жеке құрам 5 шақырым қашықтыққа жүгіріп, өздерінің төзімділігі мен шыдамдылығын сынады. Сонымен қатар, әскери қызметшілер әртүрлі дене жаттығуларын орындап, жалпы дене дайындығын шыңдауға баса мән берді.
Іс-шара барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, ұйымшылдық пен жігерліліктің үлгісін көрсетті. Бұл өз кезегінде әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын арттырумен қатар, олардың денсаулығын нығайтуға зор ықпал етті.
Шекарашылар үшін салауатты өмір салты – қызметтің ажырамас бөлігі. Себебі мемлекеттік шекараны күзету барысында жоғары физикалық дайындық, төзімділік пен шапшаңдық аса маңызды.
Осындай шаралар жеке құрам арасында спортты насихаттап қана қоймай, ұжымдық рухты нығайтып, әрбір әскери қызметшіні салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.


























