Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде педагогикалық ұжым және студенттермен кездесу өткізді. Жиын елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа аясында ұйымдастырылып, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындыққа арналды. Алғашқы кездесу 120 жылдан астам тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж қабырғасынан бастау алды.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Шалқар Байбеков комиссия отырыстарында Конституцияның барлық бөлімі қаралып, жаңа Ата Заң жобасы қоғамның кең қатысуымен әзірленгенін айтты: Жарты жыл бойы ашық форматта талқылаулар өтті. Комиссия құрамына депутаттар, ғалымдар, заңгерлер, қоғам өкілдері кірді. Нәтижесіндемәтіннің 84 пайызына жаңарту қажеттігі анықталды. Сондықтан жаңа Конституция жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданды».

Төраға жаңа редакциядағы Ата Заңда адам құқықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде белгіленгенін атап өтті. «Жаңа Конституцияның өзегінде — адам, оның білімі мен әлеуеті тұр. Білім мен ғылым, мәдениет пен инновация ел дамуының негізгі тірегіне айналады. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау алғаш рет Конституциялық деңгейде бекітілді».

Сондай-ақ білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты айқындалып, зияткерлік меншік құқығы қорғалатыны, азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтілетіні түсіндірілді. Сонымен қатар бір палаталы Құрылтай құру, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру және вице-президент институтын енгізу жөніндегі ұсыныстар түсіндірілді.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Колледжде 400-ден астам сайлаушы бар. Ұжым өкілдері алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін білдірді.

Жастар атынан сөз алған колледждің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Шоқан Баймұлаев саяси науқанның ерекшелігі – халықтың өз пікірін еркін білдіру мүмкіндігінде екенін жеткізді.

Бүгін Шалқар Заманбекұлымен Конституциядағы өзгерістер жайлы сөз қозғалды. Алдағы болатын референдум Абай облысының жастары үшін өте маңызды, біз бұған дейін көптеген ел үшін маңызды референдумдарда бой көрсетіп, дауыс бергенбіз. Осы жолғы өтетін референдум ерекше, себебі барлық ақпарат ашық түрде жарияланып отыр. Референдум тек билік өкілдері  қатысатын жер емес, бұл жерде халық өз дауысын ашық түрде көрсете алады. Әуезов жастары алдағы референдумда белсенділік танытады деп айта аламын.

Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгерім Нұрланова жаңа Конституция жобасының ұзақ әрі жүйелі еңбектің нәтижесі екенін, комиссия жұмысына заңгерлер, ғалымдар, депутаттар мен қоғам өкілдерінің кеңінен тартылғанын айтты.

Еліміздің қоғамдық өмірінде айрықша маңызға ие тарихи кезеңдердің бірі басталды. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген жүйелі еңбектің нәтижесінде жаңа Конституцияның жобасы толық әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылды. Арнайы құрылған комиссия талмай жұмыс атқарып, әр баптың мазмұнына терең үңіліп, мемлекет пен қоғамның болашақ бағытын айқындайтын құжатты мұқият пысықтады және бүгінгі кездесуден де біз маңызды ақпарат ала алдық. Заңгерлер мен ғалымдар, депутаттар мен қоғам өкілдері ортақ мақсат жолында күш біріктіріп, халықтың үніне құлақ асты.

Студенттік парламент президенті Толғанай Сейтказинова қазіргі техникалық даму, жасанды интеллектінің өркендеуі және қоғамдық өзгерістер жаңа заңнамалық шешімдерді қажет ететінін атап өтіп, жастардың бұл реформаларды қолдап, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін жеткізді.

Бүгінгі кездесу 15 наурызда қабылданатын референдумға байланысты өтіп жатыр. Ата заңға енгізілетін өзгерістер бүгінгі қоғам үшін маңызды. Техникалық даму, жасанды интеллектінің өркендеуі және қоғамдық өзгерістер жаңа заңнамалық қолдауды қажет етеді. Сондықтан жастар ретінде бұл өзгерістерді қолдап, ел болашағына жауапкершілікпен қарауымыз қажет деп есептеймін.

Шалқар Байбеков өз сөзінде педагогикалық қауымның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталып, білім мен ғылымның Конституциялық деңгейде бекітілуі Абай облысы үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Кездесу қорытындысында қатысушылар референдумның ел болашағы үшін маңызды саяси шешім екенін атап өтіп, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.