ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасында “Көктем-2026” шақырылымының 244 жас сарбазы салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Ел шебін күзетуге келген жас жауынгерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, мемлекеттік шекараны қырағылықпен қорғауға серт берді.
Салтанатты рәсімге әскери қызметшілер, ардагерлер, қоғам өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Әскери ант қабылдау рәсімі Мемлекеттік Ту енгізіліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалуымен басталды.
Биылғы “Көктем-2026” шақырылымымен келген сарбаздар Қарағанды облысы, Ақмола облысы, Түркістан облысы және Абай облысы өңірлерінен шақырылған. Әр өңірден келген жас сарбаздар бүгінде шекара қызметінің қыр-сырын меңгеріп, әскери дайындықтарын шыңдап жатыр.
Рәсім барысында Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин сөз сөйлеп, жас сарбаздарды маңызды күнмен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шекарашылардың рөлі ерекше екенін атап өтіп, жастарға адал қызмет пен мықты рух тіледі. Сонымен қатар сарбаздардың ата-аналарына ел қорғайтын ұл тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.
Салтанатты іс-шарада Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалиев Советқан Тоғанбайұлы әскери анттың маңызына тоқталып, шекара қызметінің жауапкершілігі жоғары сала екенін жеткізді. Ол жастарды Отанға адал болуға, әскери тәртіпті берік ұстануға шақырды.
Сонымен қатар ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Анвар Бахтиярович Рахматуллаев жас жауынгерлерді әскери ант қабылдауымен құттықтап, мемлекеттік шекараны қорғау – үлкен сенім мен абыройлы міндет екенін айтты.
Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Нүсіп Қуанышбек Нұржауұлы өз сөзінде жас сарбаздардың алғашқы әскери дайындықтан сүрінбей өткенін атап өтіп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Іс-шараға Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, “Мақаншы айнасы” газетінің редактор орынбасары Разуев Абен Тұйғынұлы және аудан әкімінің орынбасары Рахат Шәріпұлы Абдрахманов қатысып, жас сарбаздарға ақ баталарын берді.
Салтанатты ант қабылдау рәсімі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп, саптық көрсетілімдер ұйымдастырылды. Жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары олардың Отан қорғаушысы атанған тарихи сәтіне куә болды.
Бүгінде мемлекеттік шекараны қорғау — ел тәуелсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі. Әскери ант қабылдаған жас шекарашылар енді Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету жолында абыройлы қызмет атқармақ.


























