Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттер өңірдің даму басымдықтарымен үндеседі. Облыста жол-көлік желісін жетілдіруге, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын дамытуға, сондай-ақ тұрғындардың сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Абай облысында 35 млрд теңгеге 28 әлеуметтік нысан салынып, жөнделуде. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли мәлімдеді. Бұдан бөлек, өңірде көлік инфрақұрылымы мен өндіріс орындарын дамытуға басымдық беріліп, алдағы жылдары жаңа театр, облыстық аурухана және балалар ауруханасын салу жоспарланған.
Құрметті жерлестер! Бүгін облыс активімен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын тікелей эфирден көрдім.
Президент келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, жолдар мен әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу міндетін қойды.
Мемлекет басшысы айқындаған бұл басымдықтар жаңадан құрылған Абай облысы үшін айрықша маңызды. Өңірдің орнықты дамуы, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмаларына сәйкес өңірімізде бірқатар ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы жаңа төрт жолақты көпір және Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауыты мен ет өңдеу кешені секілді өндірістік жобалар бар.
Сонымен қатар облысымызда бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын 28 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысының қолдауымен бастау алған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында бірқатар маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы қарқын алды. Атап айтқанда, шығармашылық орталығы, медиа орталық, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инклюзивті спорт кешені, үстел теннисі орталығы, Жекпе-жек сарайы және Достық үйі бой көтеруде.
Облыс орталығында алғаш рет BINOM мектебінің құрылысы басталды. Ауылдық елді мекендер де назардан тыс қалмай, бірнеше ауданда білім беру және денсаулық сақтау нысандары, жүзу бассейндері, спорт модульдері мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда.
Алдағы жылдары өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жаңа театр, облыстық аурухана және балалар ауруханасы бой көтереді. Семей қаласындағы Шугаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында жол айрығы салынып, Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір күрделі жөндеуден өтеді.
Ұлы Абайдың есімін иеленген өңір үшін өркендеу жолы – тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Бұл – ұлттың рухани мұрасын қастерлей отырып, заманауи әрі жайлы өмір сүруге жағдай жасау, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және спортпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу. Абай аңсаған кемел адам мен кемел қоғам мұраты да осындай игілікті істермен сабақтасады.
Біздің басты міндетіміз – қолға алынған әрбір жобаны сапалы жүзеге асырып, белгіленген мерзімде аяқтау. Құрылыс жұмыстарының сапасы, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және нысандардың тұрғындар игілігіне уақтылы берілуі тұрақты бақылауда болады.
Президент Жолдауда айқындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып,о Абай облысының инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру обағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз. Ел игілігіне бағытталған әрбір құрылыс – өңірдің болашағына салынған инвестиция, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

























