Абай облысында туберкулезді ерте анықтау және оның алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгул Токтабаева мәлімдеді.
2025 жылы туберкулездің алғаш рет анықталған 222 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 жағдайға төмен. Дегенмен, өңірдегі сырқаттанушылық көрсеткіші 36,77-ні құрап, республикалық көрсеткіштен (30,06) 1,2 есе жоғары болып отыр. Аурушаңдық деңгейі облыстық көрсеткіштен жоғары аудандар қатарында Жарма (57,69), Үржар (57,48), Бородулиха (53,75), Мақаншы (44,16) және Бесқарағай (41,83) аудандары бар. Тіркелген жағдайлардың 87,8%-ын (195 жағдай) өкпе туберкулезі құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 жағдайға төмендегенін көрсетеді. Оның ішінде 91 жағдай (46,6%) – бактерия бөлетін түрі, – деді департамент басшысының орынбасары.
Сонымен қатар қазіргі таңда асқынған (4 жағдай) және ыдырау сатысындағы (94 жағдай) түрлері тіркеліп отыр.
Бұл бағыттағы диагностикалау және алдын алу шаралары туралы Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар және туберкулезді бақылау бөлімінің басшысы Шолпан Садыкова баяндады.
Облыс бойынша 2025 жылы 174 818 адамды флюорографиялық тексерумен қамту жоспарланып, нақты 174 421 адам (99,8%) тексерілді. Нәтижесінде 138 науқас анықталды. Манту сынамасымен 60 432 баланы қамту жоспарланып, 58 472 бала (96,8%) тексерілді. 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында терішілік аллергиялық сынама – Манту сынамасы қолданылады. Қажет болған жағдайда қосымша «Диаскинтест» жүргізіледі. Сонымен қатар, 2 аптадан астам жөтелі бар адамдарға бактериологиялық зерттеу жасалады. Заманауи Genexpert экспресс-тесті арқылы туберкулезді 2 сағат ішінде анықтауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бұл құрылғылар Семей қаласының №1 емханасында, фтизиопульмонология орталығында, сондай-ақ Аягөз, Жарма және Үржар аудандарының емханаларында орнатылған, – деп атап өтті спикер.
Айта кетейік, жыл сайын 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні ретінде аталып өтеді. Осыған орай 2026 жылғы 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Иә! Біз туберкулезді жеңеміз! Қазақстанның көшбасшылығымен инновация және халықтың күшімен!» ұранымен айлық ұйымдастырылуда.



























