Абай ауданында өндіріс саласында жаңа жобалар қолға алынып, аймақтың экономикалық әлеуеті артып келеді.
Бұл туралы аудан әкімі Мейіржан Смағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында құрылыс және өнеркәсіп саласына ерекше мән берілген. Осы бағытта ауданда бірқатар өндірістік жобалар іске асырылып жатыр. 2023 жылдың қазан айынан Архат ауылдық округінде «METALL MINING» ЖШС өз жұмысын бастаған еді. Компанияның жоспарына сәйкес жыл сайын 300 мың тонна кен өндіру көзделген. Бұған қоса, «Дерикар» ЖШС асфальтобетон қоспасы мен қиыршық тас өндірісін жолға қойса, «Қасқабұлақ» ЖШС ет пен жүнді қайта өңдеп, жылына 130 тоннаға жуық өнім шығаруда. Алдағы уақытта аудан аумағында тағы бір зауыттың құрылысы басталмақ. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің айтуынша, аудандағы автожолдардың жалпы ұзындығы 402,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 70 км, облыстық маңызы бар жолдар – 247,6 км, аудандық маңызы бар жолдар – 85 км.
- Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарауыл ауылында Әуезов көшесінің 1,5 км және Шәкәрім көшесінің 1,1 км бөлігіне орташа жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Бұл жұмыстарды «Дерикар» ЖШС-і толық аяқтады. Сондай-ақ Тоқтамыс ауылындағы Абай көшесінің 750 метрлік бөлігіне ағымдағы жөндеу жасалды. Өткен жылы басталған Тоқтамыс пен Архат ауылдарына апаратын жолдарды орташа жөндеу биыл да жалғасуда. Мұнымен қоса, облыстық маңызы бар «Аягөз - Қарауыл - Семей - Қайнар» бағытындағы автожолдың 15 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ал «Семей – Қарауыл» жолының 20 шақырымы толық жөнделіп, пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды нысандардың құрылысы да жалғасып жатыр.
- Мәселен, Көкбай, Саржал ауылында спорт модулінің құрылысы қолға алынды, нысанды 2026 жылы пайдалануға беру көзделуде. Бұған қоса, Кеңгірбай би ауылында балалар лагері салынуда, – деп қорытындылады Мейіржан Смағұлов.