• 27 января, 2025

Балалардың игілігі – мемлекеттің басым міндеті

Янв 26, 2025

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде балалардың құқығын қорғау бағытында ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылуда. Ел тұрғындарының үштен бір бөлігі балалардан тұратынын ескерсек, олардың қауіпсіздігі, жайлы ортада білім алу мүмкіндігі және тегін тамақпен қамтылуы маңызды әрі өзекті мәселе. Себебі, әрбір бала – еліміздің болашағы, ертеңгі ұрпақ.

Семей қаласында 39 872 орындық 52 мектеп жұмыс істейді. Мектептерде даярлық сыныбынан бастап 11-сыныпқа дейін 51 951 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, 67 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 11 698 бала тәрбиеленуде, оның ішінде 15 мемлекеттік және 52 жеке меншік балабақша бар. Бұл көрсеткіш балаларға білім мен тәрбие беру саласында үлкен жұмыстың атқарылып жатқанын көрсетеді.

Балаларды мектепке дейінгі сапалы оқытумен қамту көрсеткіші 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 81%-ын, ал 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ды құрайды. Жақында тағы 461 орын ашылып, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. Бұл, әрине, балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін жасалып жатқан үлкен қадамдардың бірі, — деді Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Есенжолов.

2025 жылдан бастап мектептерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласу мүмкіндігін беретін QR-кодтар енгізілмек. Бұл шара балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды қадамдардың бірі.

Семей қаласында балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер қызмет атқаруда, ал 2024 жылы қорғаншылық органдарында мамандардың саны 4-ке жетті. Семей қаласында 270-тен астам бала тәлімгерлермен қамтылып, көмек алуда.

2025 жылдан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағдайында қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кәсіби қабылдаушы отбасы жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды уақытша отбасыларға орналастыруды көздейді, яғни ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар бірден балалар үйіне емес, осы отбасыларға жіберіледі.

Қаламыздағы білім беру ұйымдарында орын тапшылығын шешу мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1800 орынға арналған екі жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Абай облысы әкімдігі мен «KAZ-Minerals Demeu» корпоративтік қорының қолдауымен қаланың сол жағалауындағы «Заря» ауданында 1200 орындық мектеп құрылысы аяқталып, 2024 жылы пайдалануға берілді. Сонымен қатар қаланың орталық және Жаңасемей бөлігінде орын тапшылығын азайту мақсатында қосымша екі ғимараттың құрылысы басталды. Әр қайсысы 500 орындық ғимарат 2025 жылдың шілде айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда, — деді Нұржан Есенжолов.

Білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Қала мектептерінде барлығы 3881 бейнебақылау камерасы орнатылып, 100%-ға жетті.

Семейде оқушылардың тегін тамақпен қамтамасыз етілуі мәселесі де шешімін тапты. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 23 291 балаға тегін тамақ беріледі. Бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, «Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен тағы 467 млн теңге бөлініп, 8210 оқушы мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз етілді.

Бүгінде балалардың қосымша білім алуына, сапалы демалыс және сауықтыру ұйымдарымен қамтылуына барлық жағдай жасалуда. Қазірде 36 974 бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып жатыр. 2024 жылдың жазында 1205 бала 3 сауықтыру лагерьлерінде демалды, — деді аппарат басшысы.

Мемлекет балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың жалпы әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында кешенді жоспар қабылдады. Бұл жоспар балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне бағытталған шаралар жиынтығын қамтиды. Барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап мектептерде балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылды.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға және позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

Қазақстан болашақ ұрпағының жан-жақты дамуына және олардың жарқын болашағы үшін барлық қажетті жұмыстарды жалғастырады. Біздің басты мақсатымыз – балалардың бақытты, қауіпсіз және толыққанды өмір сүруіне қол жеткізу.