Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 832 шақырымды құрайды. Биыл, соның ішіндегі жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында «Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ нің басшысы Рафхат Беркутбаев баяндады.
Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолдарының Абай облысы аумағымен өтетін 537 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап өтсек, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жолының 353 шақырымында асфальт жамылғысының жоғарғы қабаты аяқталып, жол жүруі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Қалбатау – Майқапшағай» жолының 124 шақырымында асфальт жамылғысының төменгі қабаты аяқталып, жүруге берілді. Осы бағыт бойынша аяқталмаған жұмыстар 2025 жылы жалғасады, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Сонымен қатар, республикалық автомобиль жолдарының 257 шақырымында орташа жөндеуге қаржы бөлініп, мердігер ұйымдар анықталды. Жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланған, былтыр 70 шақырымында асфальт төселсе, келесі жылы 187 шақырымында жұмыстар жалғаспақ.
Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу қарастырылған. Солардың ішінде 60 шақырымдық облыстық маңызы бар автожолдар жөнделіп, оның ішінде 6 учаскеде жұмыстар аяқталды.Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 100 шақырымдық 16 учаскедегі жолдар жөнделеді,- деп қорытындылады спикер.
Жолаушыларды тасымалдау бойынша Абай облысында 14 ауданаралық және облысаралық маршруттар жүзеге асырылады. Семей қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар 42 маршрутты қамтамасыз етсе, тасымалдаушылардың арасында «Авто Транс Семей, «Таксомоторлы парк», «СемАвтоПарк» және басқа да компаниялар бар. Ал, теміржол көлігімен былтырғы жылы 30 000-ға жуық жолаушы тасымалданған.