• 30 декабря, 2024

Нұр-сұлтан қаласында байқаудың Бас жүлдесін иеленді

Дек 15, 2019

Нұр-сұлтан қаласында өткен «Үздіктердің үздігі» халықаралық байқау фестивалінің Бас жүлдесі Шығыс Қазақстандық Балет мектебіне бұйырды.

Өнер ұжымына ұзақ жылдардан бері Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, облыстық Татар қоғамдық орталығының жетекшісі Камилия Исмаилова басшылық етеді. Камилия Рашитқызының айтынша, байқау республикамыздың астанасында өткен. Және байқауға еліміз бойынша ең мықты би мектептері мен өнер студияларының өрендері жиналған. Ал Семейдегі Балет мектебінің тәрбиеленушілері өздерінің таланттарын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жеңімпаздар Нұр-сұлтаннан Семейге оралысымен Шығыс Қазақстан Балет мектебінде өнер ұжымы оларды айрықша құттықтады. Мектеп оқушылары жүлделі орындарға ие болғандары үшін астанада Бас жүлдеге 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алған еді. Камилия Рашитқызы жүлделі өрендерді құттықтап, балет шыңына өрлей беруді тіледі.

Байқауға қатысқан өнерлі балапандардың бірі Семейдегі №31 мектептің 3 сынып оқушысы Көркем Өмірғазы. Балет мектебіне барып жүргеніне де бірнеше жыл екен, жетекшісі хореограф Римма Иманбекова. Көркем Болатқызы өзінің жүлделі жеңісі туралы былай деді:

— Елордамыз Нұр-сұлтан қаласына барған маған өте ұнады. Фестиваль оқушылар сарайында өтті. Өнерімізді әділқазылар өте жоғары бағалады. Жалпы мен болашақта дизайнер болғым келеді. Балетті де қатар алып жүремін. Дизайнерлікті жақсы көретін себебім, маған тіккен, моншақтар терген, түрлі әшекей-бұйымдар жасаған өте ұнайды.

Жас талап Көркем Өмірғазы анасы Жансая Кабдоллина Семей мемлекеттік медицина университетінің балалар аурулары кафедрасында ассистент болып, ал әкесі Болат Кабдоллин М. Әуезов атындағы полиция бөлімшесінде инспектор болып жұмыс істейді екен. Олар Көркемнің балетке, би өнеріне деген құлшынысын ертебайқап, қыздарының талантты болып шығуына барлық мүмкіндік туғызып отыр.

Балет мектебінің директоры Камилия Исмаилованың айтуынша, «Үздіктердің үздігінде» олардың тәрбиеленушілері 7 нөмір бойынша орын алған. «Қамажай» биінен 1-інші орын, сол сияқты «Аққу» биінен де 1-інші орын, екеуінен дайындаған педагог А. Качанова. «Көңілді маймылдар биі» 1-інші орын және «Барышни и солдатики» биінен байқаудың Бас жүлдесі, бұлардан дайындаған педагог Р. Иманбекова «Фрески» биінен де байқаудың Гран Приі, бұған бишілерді әзірлеген педагог А. Качанова. «Джигитовка» биі де байқаудың Гран Прине ие болды, қойылымды ұсынған педагогтар тобы А. Айдарханова, А. Качанова және Р. Иманбековалар, сондай-ақ, «Гүлдер вальсі» — фестивальдің Бас жүлдесін иемденген. Қорытындысында 300 000 теңгенің сертификаты Шығыс Қазақстан Балет мектебінің ұжымына табысталған. Қаражат балериналардың жаңа жетістіктеріне жұмсалатын болмақ.

Жеңімпаздарды құттықтағаннан кейін Шығыс Қазақстан Балет мектебінде педагог-хореограф Жанара Сағиеваның қарауында білім алып жатқан ең жас балериналарды бишілер қатарына ресми қабылдау рәсімі өтті. Әлемдік балеттің болашақ жұлдыздары қабылдау рәсімінде халықаралық конкурстарда әрдайым жеңуге, түрлі Гран-прилерді иеленуге және балет өнерінің қыр-сырын жетік меңгеруге ант берді.

Олар «Жас балерина» биін орындап, екі ай бойы алған білімдерін көрсетті. Балет мектебінің директоры Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, Шығыс Қазақстан облыстық татар қоғамдық орталығының жетекшісі Камилия Исмаилова ата-аналар мен балаларға ақыл-кеңесін беріп, шығармашылық табыс тіледі. «Үздіктердің үздігі» конкурсына қатысып, жүлделі орын алған аға буыннан үлгі-өнеге алуларын атап айтты.

Раушан Қабжанқызы