Өңірде адамның иммун тапшылығы вирусы(АИТВ) инфекциясының таралуына қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты деңгейде сақталып отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы «Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының» директоры Асылхан Әділжанов баяндады.
Қазақстанда АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай шоғырланған деңгейде қалып отыр. Ел бойынша таралу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 186,3, ал Абай облысында – 84,3. 15–49 жас аралығындағы халық арасында таралу деңгейі 0,17%-ды құрайды. Биылғы 10 айда өңірде 44 жаңа АИТВ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 36 жағдайға қарағанда жоғары, – деді спикер.
Сонымен қатар, өңірде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған айлық науқан өтіп жатыр. Соның аясында кәсіпорындарда, әуежайлар мен вокзалдарда профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
10 қарашадан бастап бір ай бойы өңірдің медициналық ұйымдары, оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қауымдастықтары АИТВ алдын алу шараларын ұйымдастыруда. Қаржыландырудың қысқаруы әлемде алдын алу қызметтерін әлсіретсе де, Қазақстан АИТВ алдын алу бағдарламасына қаржыны ұлғайтып отыр. Абай облысында негізгі топтарға арналған алдын алу жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында екінші жыл жүзеге асырылуда. Науқан барысында оқу орындарында, әскери бөлімдерде, колледждер мен мектептерде ақпараттық дәрістер, ашық есік күндері және кездесулер өткізіледі, – деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының стратегиялық даму және ұйымдастыру-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жасұлан Сәбитов.
Фото: Recraft ЖИ


























