«Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» мегажобасы әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның орындалуын ұдайы қадағалап отыратынын айтты.

Президенттің айтуынша, еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалады. Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты.

— Соның нәтижесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен 8 есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл — еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы. Мұның бәрі азаматтарымыздың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олардың тұтынушылық мәдениеті өзгере бастағанын көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет тиісті инфрақұрылымды үздіксіз дамытып отыруы керек, — деді Қ. Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында.

Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллект жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды.

— Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын, оның құрамына үздіктер ғана кіруі керегін айтқан еді.

30 жылда Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған.

Сондай-ақ, Электрондық Парламентті дамытуға басымдық беріледі.