Абай облысында Еңбек күні мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету.
Жәрмеңкеге аймақтың ірі кәсіпорындары, мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар мен білім беру ұйымдары қатысты. Қатысушылар түйіндемелерін тапсырып, тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ кәсіби бағдар, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша кеңестер берілді.
Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек шараға байланысты пікір білдірді.
– Бүгінгі іс-шара Еңбек күні қарсаңында еңбек адамын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Қазіргі таңда облыста 2000-нан астам бос жұмыс орны бар. Оның ішінде 130-дан астам кәсіпорын өз ұсыныстарын ұсынып отыр, соның 33-і – ірі кәсіпорындар. Сонымен бірге әлеуметтік осал топтарға арналған 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант иегерлері өз қолөнер бұйымдары мен бизнес идеяларын халық назарына ұсынып отыр, – деді ол.
Жәрмеңкеге келген тұрғындар да шараның тиімділігін жоғары бағалады. Әскери зейнеткер Рақым Күмісбеков бұл жәрмеңкенің жұмыс іздеушілер үшін зор мүмкіндік екенін жеткізді.
– Әскери зейнеткермін. Бос отырмайын деп, жәрмеңкеге келдім. Шара өте жақсы ұйымдастырылған. Түрлі мамандықтар бойынша мол мүмкіндіктер ұсынылған. Өзім де бірнеше мекемеден көңіліме жаққан ұсыныстар таптым. Кеңес алып, қажетті ақпарат жинадым. Жәрмеңкенің көп көмегі тиді, – деді қала тұрғыны.