Мемлекетке тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысу бюджетке түсетін салықтардың азаюына, көлеңкелі экономиканың ұлғаюына және адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келтіруге алып келеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова толығырақ баяндады.
Кәсіпкердің негізгі міндеті – табыс тапқан жағдайда барлық қажетті салықтар мен міндетті төлемдерді уақтылы төлеу. Мемлекеттік тіркеу кәсіпкерлік қызметті заңдастырумен қатар, тұтынушылар мен серіктестер үшін де сенімділік тудырады. Тіркелген кәсіпкер өз тауарларының, қызметтерінің сапасына жауап береді, шарттық міндеттемелерді орындауға міндетті. Қандай да бір даулы жағдай туындаған кезде тұтынушы өз құқықтарын заңды түрде қорғауға мүмкіндік алады. Ал тіркелмеген кәсіпкер құқықтық алаңнан тыс әрекет етеді, бұл нарықтағы барлық қатысушылар үшін тәуекелдер туындатады, - деді басқарма басшысы.
Сонымен бірге, тіркеу кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктеріне, жеңілдетілген несиелерге, мемлекеттік сатып алуға қатысуға және заңды бизнеске ғана қолжетімді басқа да мүмкіндіктерге жол ашады. Демек, тіркелу тек заң талабы ғана емес, сонымен бірге бизнестің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Заңсыз кәсіпкерлік қызмет әділ бәсекелестікке кері әсерін тигізеді. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабының 2-тармағына сәйкес, дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті тұлғалар жалдамалы қызметкерлерді тұрақты негізде пайдаланатын немесе жылдық табысы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын жеке тұлғалар. Ал жалдамалы еңбекті қолданбайтын және тек салық салынатын белгілі кірістерді ғана алатын жеке тұлғалардың тіркелмеу құқығы сақталады. Мұндай кірістерге мүліктік табыс, Қазақстан Республикасынан тыс көздерден түсетін кірістер, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша төлемдер және жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кірістер жатады. Бұл табыстар 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығына жатқызылады және 270.00 нысанды декларация арқылы рәсімделеді, - деп толықтырды спикер.
Сонымен қатар, тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысқан тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылады. ҚР ӘҚБтК-нің 269-бабына сәйкес алғаш анықталған жағдайда ескерту беріледі, ал қайталанған фактіде айыппұл салынады: жеке тұлғаларға – 8 АЕК, жеке кәсіпкерлерге және КЕҰ-ға – 15 АЕК, орта бизнеске – 30 АЕК, ірі бизнеске – 70 АЕК. Бұл туралы толығырақ Семей қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дияз Раимханов тарқатты.
Абай облысы бойынша жүргізілген бақылау нәтижелеріне сәйкес, 2025 жылдың 11 айында 32 құқық бұзушылық анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 3 137 736 теңге көлемінде айыппұлдар салынды. Сонымен қатар, тіркеусіз жылжымайтын мүлікті жалға беру фактілері бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, нәтижесінде “Жалға алу және тұрғын үйді басқару” қызметі бойынша 195 тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Өткен жылдар үшін 3,2 млн теңге салық сомасына 11 салық төлеуші декларация тапсырды. Сонымен қатар, 32 жеке тұлғаға жалға беруден түсетін табыстар бойынша тіркелу және салық төлеу қажеттілігі түсіндірілді, - деді Диаз Раимханов.
Жалпы облыс бойынша жыл басынан 11 886 жеке кәсіпкер тіркелсе, оның 343-і ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде рәсімделген. Заңсыз кәсіпкерліктің алдын алу бағытында мемлекеттік кірістер органдары тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, кездесулер, семинарлар және көшпелі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Жыл басынан бері осындай 584 шара өткізілген.


























