«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» – әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы жыл сайын өткізілетін жаһандық халықаралық науқан бастау алды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева баяндады. 

Науқан 25 қарашада Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күнінде басталып, 10 желтоқсан Адам құқықтары күнінде аяқталады. Биыл  науқан «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» ұранымен өтеді. Қазіргі таңда цифрлық кеңістік қарым-қатынас, білім алу және кәсіби даму үшін кең мүмкіндіктер ұсынып, өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда цифрлық технологиялардың дамуы кибербуллинг, онлайн-қудалау, жеке деректерді келісімсіз тарату сияқты зорлық-зомбылықтың жаңа түрлерін туындатуда. Әйелдер мен қыздар осы санаттағы зорлық-зомбылыққа ең көп ұшырайтын топ болып отыр. Бұл олардың психологиялық жағдайына, әлеуметтік белсенділігіне және цифрлық экономикаға толыққанды қатысуына кері әсер етеді, - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, Абай облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Виталий Каверин зорлық-зомбылық түрлерінің ішінде ең кең таралғандарын атап өтті. 

Зорлық-зомбылық түрлерінің ішінде онлайн-қудалау (61%), сексистік мәлімдемелер (37,3%), киберсталкинг (33%) және жалған ақпарат тарату (23,24%), виктимблейминг пен қоғамдық шеймингтің кең таралуы анықталды. Көп жағдайда қоғам агрессорды емес, жәбірленушіні айыптайды. Бұл жағдай цифрлық ортаны қауіпсіз емес етуге әкеледі және зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға ықпал етеді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің кемінде 12%-ы кибербуллингке ұшыраған. Әлеуметтік желілерде сексуалдық қанау, қажетсіз байланыстар орнату, жасына сәйкес келмейтін контенттің таралуы сияқты қосымша қауіптер бар, - деді полиция подполковнигі.

Науқанның басты мақсаты – әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылыққа қоғамның төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік пен құрметке негізделген орта құру. Оның міндеттеріне цифрлық зорлық-зомбылықтың түрлері мен салдары туралы ақпараттандыруды арттыру, зардап шеккендерді қорғау тетіктерін таныту және мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, БАҚ пен жеке сектордың өзара іс-қимылын күшейту кіреді.