Шәкәрім университетінің Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында «Жастар арасындағы құқықбұзушылық және жауапкершілік» тақырыбында маңызды телекөпір өтті.

Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің заңды білуі және оны қатаң сақтауы – аса өзекті мәселе. Телекөпір барысында қатысушылар құқықбұзушылықтың себептері мен салдары, сондай-ақ оның алдын алу жолдары туралы ашық пікір алмасты. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң алдындағы жауапкершілікті терең түсіндіру және теріс әрекеттердің соңы қандай өкінішке әкелетінін нақты мысалдар арқылы жеткізу болды.

Телекөпір барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №20 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен тікелей байланыс орнатылды. Олар өз өмір жолындағы қателіктері, қандай заң бұзушылықтарға барғаны және сол әрекеттерінің салдары туралы ашық айтып, бүгінде қатты өкініш білдіретіндерін жеткізді. Сонымен қатар жастарды заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырып, өз тағдырларынан сабақ алуға үндеді.

Іс-шара барысында Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы бөлімшесінің аға инспекторы, әділет капитаны Гүлмира Колмакова да өз пікірін білдірді.

Құқықбұзушылықтың көпшілігі заңды білмеуден немесе салдарын ойламаудан туындайды. Бүгінгі телекөпірдің басты маңызы – жастарға нақты өмірлік мысал арқылы ой салу. Заңды бұзудың соңы бостандықтан, болашақтан айырылуға әкелуі мүмкін екенін әр жас терең түсінуі қажет. Алдын алу жұмыстары неғұрлым ерте жүргізілсе, соғұрлым қоғамдағы құқықбұзушылық та азаяды, – деді ол. 

Кездесу барысында жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айқын айтылды. Әрбір жас заңды біліп қана қоймай, өз іс-әрекетіне толық жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жастар арасындағы құқықбұзушылық – бір адамның емес, тұтас қоғамның мәселесі. Заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және саналы таңдау жасау – әрбір жастың азаматтық борышы. Өйткені болашақ – заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары, саналы жастардың қолында.