ҚХП Орталық кеңсесінде жаңа Конституция жобасы бойынша пікірталас өтті. Оған партия белсенділері қатысты.
Іс-шара партия мектебінің көпшілік алдында пікірталастыру дағдысын жетілдіру алаңында ұйымдастырылды. Мұнда партия мүшелері фактімен жұмыс істеу, дәлелмен сөйлеу, баяндаманың стратегиясы мен риторикасын қалыптастыру, сөз сөйлеу логикасын бақылау және белгіленген уақыт регламентін сақтау машығын меңгереді. Қатысушылардың жасына шек қойылмайды, олардың мамандығы мен қызмет көрсету саласы әртүрлі болады.
Жоба еліміздің барлық өңірінде ҚХП филиалдарының базасында жүзеге асырылуда. ҚХП Орталық кеңсесінде өткен пікірталас осыған ұқсас пікірталас сериясының бірі болды.
Өкінішке қарай, кейде белгілі бір саланың бейінді мамандары тиісті білім мен дағдының иесі бола тұра бастамаларын нақты тұжырымдап, ұстанымдарын дәлелді түрде қорғай алмай жатады, – деді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, Мәжіліс депутаты, ҚХП «JAS ORTA» Жастар қанатының басшысы Ислам Сұңқар. – Бірақ оларға адамдардың, ҚХП-ның, саланың, бизнестің мүддесін және т.б. қорғау қажет. Біз полемикалық шеберлікті шыңдау үшін осындай алаң құрдық.
Пікірсайыстың шарты бойынша сөз сөйлеуге алдын ала дайындалмайды. Спикерлер баяндамаларының тақырыбы мен қорғауға тиіс ұстанымын сол жерде біледі. Өз кезегінде қазылар алқасының мүшелері сөз сөйлеу барысында баяндамашы қаншалықты сенімді сөйлеп, тыңдаушыларды дәлелі мен дәйегіне иландыра алғанына баға береді.
Пікірталас барысында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыланады. Осы жолы ҚР жаңа Конституциясының жобасы аясында «Конституцияның преамбуласы – болашақтың компасы» және «Адамға бағдарланған мемлекет» деген тақырып таңдалды. Пікірталасқа қатысушы, ҚХП белсендісі, жобалау компаниясының басшысы Найля Аппасова бір палаталы Парламент құру бастамасына қолдау білдіре отырып, бұл мәселе осыған дейін жүзеге асырылған реформалар тізбегінің заңды жалғасы екенін атап өтті.
Саяси жүйе реформаланып, трансформация жүріп жатыр, – деді Н.Аппасова. – Бұл бір палаталы Парламентке өз ісінің кәсіби және тәжірибелі мамандарын біріктіріп, оларға шешім қабылдау жауапкершілігін жүктейді
Қатысушылардың бірі, саясаттанушы, «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеу орталығының директоры Әлібек Тәжібаев «Күшті тұлғалардың орнына күшті институттар» деген тақырыпта баяндама жасап, қазіргі Конституциялық реформа басқару жүйесін күшейтуді көздейтінін дәлелдеді.
Бұл үшін жаңа Конституцияда барлық жағдай жасалған, – деді саясаттанушы.
Қазақстан Халық партиясы бұл жұмысты одан әрі жалғастырады.



























