Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтай елдің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға ретінде тарихта қалмақ. Себебі алқалы жиында қоғамдағы өзекті мәселелер мен мемлекеттік құрылымға қатысты маңызды шешімдерді естідік.
Бір палаталы Парламент
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың ішінде қоғам назарын ерекше аудартқаны – бір палаталы Парламент құру бастамасы. Бұл кездейсоқ көтерілген мәселе емес, өткен жылы идеяны Президент Жолдауында ұсынып, қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Содан бері заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыруға қатысты пікірталас үзілмей келеді. Өйткені, қазір екі палаталы Парламенттік жүйе тұрақты жұмыс істегенімен, кей жағдайда заң қабылдау процесін созбалаңға салып, бюрократиялық кедергілер кездесіп отыр. Ал қоғам қажетті заңдық құжаттардың тез әрі сапалы қабылданғанын қалайды. Сондықтан алдағы жылдары Парламент қызметі түбегейлі қайта жасақталады және бұрынғыдай Мәжіліс пен Сенат болып бөлінбей, біртұтас құрылымға айналмақ. Ретімен тарқатайық.
Алдымен жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру ұсынылды. Президенттің сөзінше, бұл қадам Құрылтай атауын маңызды мемлекеттік институттың символына айналдыру үшін таңдалған.
Ең маңызды өзгеріс Парламенттің құрылымына қатысты болып отыр. Соның ішінде көп өзгеріс депутаттық корпустан байқалды. Мысалы, енді Парламенттегі депутат саны 145 болады, олар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланбақ. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек. Оған қоса Парламенттегі Президент квотасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы деген болмайды. Тек жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталар сақталады.
Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар бір палаталы жүйеге көшудің бірнеше ұтымды тұсын айтады. Біріншіден, кез келген шешім тез қабылданады. Екіншіден, бюрократиялық шығындар азаяды. Үшіншіден, Парламент жүйесі ашық әрі қарапайым болады деген сөз. Тіпті аталған реформа саяси мүдде қақтығысын азайтады деген де болжам бар.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пікірінше, бір палаталы Парламентте заң қабылдану процесі жеңілдеуі мүмкін.
Бір палаталы Парламентке күш берілсе, Үкіметті бақылау жетіле түседі. Оған қоса процедуралық қадамдар қысқара түспек, яғни қазіргі Мәжіліс пен Сенат арасындағы қызметтік талаптар ықшамдалса, біраз күндерді ұтуға болады. Күн ұту дегеніміз – шұғыл шешім шығару жеңілдейді деген белгі, – деді депутат.
ҚСЗИ-дің өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы Данара Саранованың айтуынша, жаңа формат Парламенттің кәсіби деңгейін көтереді. Депутаттар заң қабылдаумен шектелмей, ауқымды реформаларды нақты іске асырып, оларды жан-жақты сүйемелдей алатындай қабілетке ие болады.
Президент комитет саны 8-ден аспайды деді. Комитеттер санын қысқарту институционалдық құрылымды оңтайландыру, артық бюрократия мен функциялардың қайталануын азайтады. Ұзаққа созылатын келісу рәсімдерін де жоюы мүмкін. Осының нәтижесінде заң жобаларын жедел әрі сапалы қабылдауға қолайлы жағдай қалыптасады, – деп бөлісті сарапшы.
Данара Саранова депутаттарды сайлауда қолданылатын пропорционалды жүйе саяси мүдделердің тепе-теңдігін сақтайды деген ойда.
Сайлаудың пропорционалды жүйесі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырады. Оған қоса, өңірлік деңгейде мажоритарлық модельдің сақталуы маңызды тетік болары анық. Бұл шамадан тыс орталықтандыру қаупін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді спикер.
Партиялар тарихының жаңа парағы
Қазір әлемдегі 190-ға жуық елдің 107-сі бір палаталы парламентті мемлекеттер саналады. Қазақстан да осы қатарға қосылмақшы. Осы орайда Президент Ұлттық құрылтайда бірқатар сауалдың жауабын айтты: партиялардың Парламентке өту межесі қазіргі 5 пайыз күйінде қалады.
Бұл ереже (бес пайыздық меже – ред.) кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аталған шешімнің тиімді тұсын ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова да қолдап отыр. Оның айтуынша, бес пайыздық меже партиялар арасындағы бәсекені арттыруға септеседі.
Үшінші аспект партиялық жүйеге қатысты. Қазір Парламентте бір саяси күштің рөлі айқынырақ. Бұл ішкі процестердің логикасын да, заң шығару жұмысындағы басымдықтың қайда екенін айқындап отыр. Осындай жағдайда бір палаталы құрылым партиялар арасындағы күрестен гөрі, партия ішіндегі саяси жауапкершілікті көтеретін бәсеке алаңына айналады. Мұндай тәжірибе Жапонияда, модернизация дәуіріндегі Оңтүстік Кореяда, сондай-ақ бүгінде Азияның кейбір унитарлы мемлекеттерінде болған, – деп түсіндірді сарапшы.
Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады
Мұндай ұсынысты Мемлекет басшысы айтты. Президенттің сөзінше, елде қоғамдық дамуға қатысты барлық мәселе бойынша жалпыхалықтық диалог өткізу үшін жаңа ауқымды платформа қажет. Ол Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құзыретін қоса атқаруы ықтимал.
Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Данара Саранованың болжамынша, Халық Кеңесінің маңызы Ұлттық құрылтайда айтылған басқа реформалардан кем емес. Өйткені Халық Кеңесі жалпыұлттық диалогтің тұрақты алаңына айналады әрі оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі оның мәртебесін айтарлықтай күшейтері анық.
Халық Кеңесі арқылы қоғамдық, өңірлік және этномәдени мәселелерді заңнамалық кеңістікке жеткізетін қосымша институционалдық арна болады. Сонымен бірге Президент жаңа органның Парламентпен бәсекеге түсуге емес, ұсыныстар әзірлеуге және қоғамдық келісімді нығайтуға басымдық беруі тиіс екенін атап өтті. Егер бұл тетік дұрыс жұмыс істесе, әлеуметтік және саяси шиеленістердің алдын алуда маңызды рөл атқаратынына сенемін. Олай дейтініміз, Кеңес арқылы қоғамның сұранысы заң шығарушы билікке дағдарыс кезінде емес, жүйелі түрде жетіп отыратын болады, – деді сарапшы.
Әзірге белгілісі, Қазақстанның Халық Кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңестің құрамына 126 адам кіреді деп ұсынылып отыр: оның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі ірі қоғамдық бірлестіктерден және 42-сі мәслихаттар мен аймақтық қоғамдық кеңестерден енбек.
Вице-президент лауазымы енгізіледі
Құрылтайда мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазымдарға қатысты шешімдердің шет-жағасын естідік. Мысалы, болашақта Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады, оған қоса вице-президент деген лауазым пайда болмақ. Мемлекет басшысының айтуынша, осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдірмейді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді.
Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Президент өзі белгілейді. Сонымен Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:
- Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
- Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;
- Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;
- Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.
Мұндай ауыс-түйіс өзге маңызды мемлекеттік жүйелерде де жүзеге асатын болды. Жаңшылдықты Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылым мен Президент Әкімшілігінен де көруіміз ғажап емес.
Конституция қайта жазыла ма?
Құрылтайда Ата заңды күзеп-түзеу туралы да айтылды. Әсіресе мазмұндық сипаты мен ондаған бап қайта жазылмақ. Президент әдепкіде Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланғанымен, кейін өзге де баптарға түзету енгізу қажеті белгілі болғанын жасырмады. Егер халық референдум нәтижесінде Ата Заңды өзгертуге келіссе, Конституция отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде басқаша болады деген сөз.
Бастыларын айтайық. Алдымен Президентті сайлауға қатысты тұс маңызды. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Осы тәртіппен биліктің берілуі шегеленген. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, яғни «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қағиданы өзгертуге ниетті.
Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс, – деді Президент.
2022 жылы Конституциядағы 33 бапқа түзету енгені белгілі. Сол кезде суперпрезиденттік модельден ықпалды парламенттік республикаға бет бұрдық. Өлім жазасы біржола жойылды, Конституциялық сот қайта құрылды, президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Ендігі түзетулер де саяси жүйені одан әрі жетілдіре түсетіні күмәнсіз. Бастысы, Президент Конституция мәтініндегі терминологиялық, стильдік кемшіліктерді түзетуге мән берді. Көбі сүйсінген идеяның бірі – «Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек» деген ой.
Ата заңның өткенмен байланысы ғана емес, болашақпен үндесуі де назарға алынады. Президент Конституцияда цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі қалыптасуы керек деп кесіп айтты.
Конституциямыз заман талабына сай болуы керек. ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізе бастады. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қыз алып қашуға тоқтам керек
Бұл жолы Ұлттық құрылтай өзінің сипатын аша түсті. Қоғамдағы мәдени-рухани, саяси-экономикалық мәселелер көп айтылғанын білеміз. Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде-ақ 200-ден астам ұсыныс естілді. Соның ішінде ғылымды экономикаға бейімдеу, қалдықтарды өңдеу, құрылыс компанияларын қадағалау, кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие жүйесін енгізу, шекара аумағындағы халықтың жай-күйін жақсарту тақырыптары талқыланды.
Президент те әлеуметтік мәселелерді көтеруден қалыс қалған жоқ. Шымкентте Нұрай есімді қыздың кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктіргенін айтты. Ізінше «Қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды», – деп түйіндеді.
Халықты алаңдатқан Салық кодексіне қатысты ойын да бүкпеді, тіпті «Қажет болса, түзетулер енгізген жөн. Түптің түбінде Салық кодексі - қасиетті кітап емес», – деп тұспалдай сөйлегені де бар.
P.S. Жылдағы дәстүр жалғасып, Ұлттық құрылтайда өзекті олқылықтар ортаға тасталды. Екі күнде мінберге шыққандардың әрбірі халықтың ойында жүрген мәселелерді жұмыр жеткізіп, шешу жолын қоса ұсынғанын көрдік. Ендігі нәтиже құзырлы органдардың жүйелі жұмысына тәуелді.
Дереккөз: "Казинформ"


























