«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы аясында «Әділет» партиясының жастар қанаты  ұйымдастыруымен өтіп жатқан роуд-эстафетасы Абай облысында жалғасын тапты.

Шараның үшінші күнінде жастар мен эко-белсенділер  487 шақырымды жүріп өтіп, 40 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Роуд бағдарламасы аясында Семей қаласында «Чемпиондық рух» жобасы бойынша таңғы жаттығу өткізілді. Одан кейін көшпелі топ Бесқарағай ауданына жол тартып, аудандық Мәдениет үйінде қоғамдық қабылдау аясында азаматтардың өтініш, тілектерін тыңдады. Сонымен қатар Семей қаласы мен  Жаңа Семей ауданына қарасты «Күшікбай батыр» ескерткіші аралығындағы жол бойында тазалық жұмыстары жүргізілді.

Эко-шараға ҚР Құрылтай депутаты Шалқар Байбеков, тарихшы, блогер Нұрқожа Ерсайын мен жергілікті танымал эко-блогер Кербез Егінбаева қосылды. Абай өңіріндегі экологиялық акциялардың бастамашысы болып жүрген Кербез Егінбаева эстафетаны туған жері қабылдап, өзінің үлесін қосып жатқанына қуанышты екенін айтып өтті.

Экологиялық бастамалар «Күшікбай батыр» ескерткішінен «Жидебай» қорығына дейін жалғасын тапты. Бұл бағытта қатысушылар жол бойындағы аумақтарды қоқыстан тазалап, табиғи ортаның тазалығын сақтауға үлес қосты. Сондай-ақ «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында Абай ауданы, «Жидебай» қорығының аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени мұраларды қорғаудың маңыздылығы дәріптелді.

«Әділет» партиясы Абай облыстық  Жастар қанатының төрағасы  Темірлан Бақтияров:

Роуд-эстафета аясында жүзеге асқан бұл жұмыстар қоршаған ортаны қорғау, тарихи орындарды сақтау, елді мекендерді абаттандыру және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы маңызды бастамаларға айналды. Ұлы Абай туған жерінде бірқатар шаралар ұйымдастырып, Қарауыл ауылының саябағында көшет отырғызу шарасы өтті. Бұл бастама өңірді көгалдандыруға, табиғатты қорғауға және келер ұрпаққа таза әрі жасыл орта қалдыруға бағытталды.

Сонымен қатар, күннің қорытынды бөлімінде Қарауыл ауылының Мәдениет үйінде мерекелік концерт пен экологиялық белсенділіктер ұйымдастырылды.  Осылайша, «Әділет» партиясының жастары бастамашыл болған мәдени және экологиялық шаралар тұрғындар мен қатысушылардың басын қосып, табиғатты қорғау идеясын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.