Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты кинолог мамандар арасында дәстүрлі көпсайыс өтті. Жеті күнге созылған жарысқа өңірдегі жеті әскери бөлімнің үздік кинологтары қызметтік іздестіру иттерімен қатысып, үш түрлі сайыс бойынша бақ сынады.
Өскемен, Семей және Павлодар қалаларынан келген қатысушылар адамның ізімен із кесу, есірткі заттарын анықтау және жарылғыш заттарды іздеу бағыттары бойынша өзара мықтыны анықтады. Әр сайыста кинологтар мен олардың төрт аяқты серіктері спорт залында, жеңіл және жүк көліктерінде жасырылған нысандарды қысқа уақыт ішінде дәл тауып, кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Бұл жарыс кинолог мамандардың кәсіби даярлығы мен қызметтік иттердің машығын бағалау мақсатында жыл сайын өткізіледі. Жеті күн бойы кинологтардың жеке дайындығы, адамның ізімен із кесу, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау бойынша қабілеті жан-жақты тексерілді. Мұндай сайыстар тәжірибе алмасуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы кинология қызметінің бастығы подполковник Жасұлан Құдайбергенов.
Қызметтік иттер кинологтардың сенімді көмекшісі ғана емес, күнделікті қызметтегі серігіне айналған. 3514 әскери бөлімінің кинология қызметінің аға маманы, ефрейтор Мәулен Қайырбеков өзінің «Айза» есімді қызметтік итімен бұл жарысқа алтыншы рет қатысып отыр.
«Айзаны» күшік кезінен бастап өзім баптадым. Ол – із кесуге машықтанған қызметтік ит. Биыл іздестіру бағыты бойынша екінші орынға ие болдық. Бұл – ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Келер жылы бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін дайындықты жалғастырамыз, – дейді ефрейтор Мәулен Қайырбеков.
Ал 5511 әскери бөлімнің кинология қызметінің аға маманы, кіші сержант Танат Мекенов «Рой» есімді қызметтік итімен жарылғыш заттарды іздеу сайысында бірінші орынды жеңіп алды. Кинологтың айтуынша, бұл қызметтік иттің алғашқы жарысы екен.
Сайыс алғаш рет қатыссақ та абдырап қалмадық. Жарылғыш заттарды анықтау бойынша барлық тапсырманы сәтті орындадық. Рой өз мүмкіндігін толық көрсетті. Онымен төрт жылдан бері бірге жаттығып келемін. Сондықтан бұл жетістік – екеуміздің ортақ еңбегіміздің жемісі, - дейді Танат Мекенов.
Жеті күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінің кинологтары иеленді. Екінші орын Өскемендегі 6699 әскери бөлімінің командасына бұйырса, үздік үштікті Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінің кинологтары түйіндеді.
Дәстүрлі көпсайыс кинологтардың кәсіби біліктілігін шыңдап қана қоймай, қызметтік иттердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті сақтаудағы жоғары даярлығын тағы бір мәрте дәлелдеді.




























