Абай облысында шомылу маусымының жалғасуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Су айдындарында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп, тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары подполковник Жамбыл Джабаев мәлімдеді.

Жамбыл Джабаевтың айтуынша, облыс аумағында шомылуға арналған 16 ресми орын белгіленген. Оның ішінде 11 жағажай, үш демалыс орны және екі балалар лагері бар. Соған қарамастан, шомылу маусымы басталғалы бері облыс су айдындарында тоғыз адам суға батып қаза тапқан. Оның төртеуі – кәмелетке толмаған балалар.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суға бату деректері азайғанымен, әрбір қайғылы оқиға ерекше алаңдаушылық тудырады. Статистика көрсеткендей, мұндай жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан және балаларды қараусыз қалдырудан орын алады, — деді Жамбыл Джабаев.

Спикердің мәліметінше, құтқарушылар шомылу маусымы басталғалы бері 18 адамды, оның ішінде бес баланы құтқарған. Өкінішке қарай, өткен аптада шомылуға тыйым салынған жерде 2018 жылы туған баланың суға кету фактісі тіркелді.

Облыстың барлық қала-аудандарында судағы қауіпсіздік бойынша күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қазір 16 мобильді және 30 жаяу патруль қызмет атқарып, су айдындарында 100-ден астам құтқарушы мен 16 техника кезекшілік етуде. Су айдындарының қауіпті учаскелерінде 150-ден астам ескерту белгісі орнатылды, — деді подполковник.

Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 65 әкімшілік хаттама толтырылып, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғандарға қатысты 39 әкімшілік материал рәсімделген.

Абай облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асет Туинбаев өңірдегі өрт қаупіне қатысты ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыс аумағында жоғары өрт қауіптілігі сақталып отыр. Өрт қауіпті кезең басталғалы бері өңірде 172 орман өрті, үш дала өрті және 212 жану фактісі тіркелген.

Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Өрт қауіпті кезең басталғалы бері 398 рейдтік іс-шара өткізіліп, 110 әкімшілік материал рәсімделді. Оның ішінде 46 ескерту беріліп, 64 азаматқа жалпы сомасы 3,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар 60 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 860-тан астам ақпараттық материал жарияланды, — деді Асет Туинбаев.

Сөз соңында спикерлер облыс тұрғындары мен қонақтарын судағы және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қана қоймай, өңірдің табиғатын қорғауға және қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.