«Әділет» партиясының атынан Абай облысынан ұсынылған алты кандидаттың үшеуі Құрылтай құрамына өтті. Солардың бірі – Абай облысы мәслихатының төрағасы қызметін атқарған Шалқар Заманбекұлы Байбеков. Ол Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылым депутаты болып сайланды.
Шалқар Байбеков Семей облысы Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. Қаржы және заң салалары бойынша білім алған. Семей қаржы-экономикалық техникумын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және Қазақ мемлекеттік заң университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1988 жылы Жаңасемей аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясында аға инспектор болып бастады. Кейін салық және қаржы саласында ұзақ жыл қызмет етіп, Семей, Павлодар, Астана және Қарағанды қалаларында басшылық қызметтер атқарды.
2014–2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстар бөлімінде мемлекеттік инспектор болды. 2017–2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2019–2021 жылдары Бесқарағай ауданының әкімі қызметтерін атқарды.
2022 жылы Абай облысы құрылғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап облыстық мәслихатқа басшылық етті.
Мәслихат төрағасы ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау, ауылдарды дамыту және басқа да маңызды мәселелерге қатысты депутаттық жұмысты үйлестірді. Тұрғындармен кездесулер өткізіп, елді мекендерде көтерілген мәселелерді мәслихат алаңында қарауға басымдық берді.
Ол «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, «Салық қызметінің үздігі», «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгілерімен және бірқатар мерекелік медальмен марапатталған. Шалқар Байбеков Абай облысының өкілі ретінде елдің жаңа заң шығарушы органы – Құрылтайда депутаттық қызметін жалғастырады.
Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі



























