Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жеңілдету және талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне ерекше назар аударып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл тапсырмаларды іске асыру аясында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Мұндағы басты мақсат – жастардың мемлекеттік қызметке қабылдануын жеңілдету, басқарушылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндіктерін кеңейту және өңірлерді дамытуға бағытталған дарынды мамандарды анықтау.

Осы бағыттағы маңызды қадам ретінде 2023 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің № 255 Жарлығымен өңірлік кадр резервін қалыптастыру және тағайындау қағидаларының бекітілуін айтуға болады.

Өңірлік кадр резерві – өңірлердің дамуына қажетті білікті мамандарды даярлап, оларды мемлекеттік қызметке тарту үшін құрылған арнайы бағдарлама. Бұл жүйе жастарға басқарушылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігін береді және олардың кәсіби дамуына жол ашады.

Мемлекеттік қызметке кірген жастар өз дағдыларын жетілдіріп, басқарушылық тәжірибе жинақтап, елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, өңірлік кадр резерві Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, барлық өңірлерде сапалы мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады.

2024 жылы еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада «Өңірлік кадр резерві» жобасына іріктеу жүргізілді. Абай облысында іріктеуге 398 өтінім қабылданып, нәтижесінде 25 үміткер өңірлік кадр резервіне іріктеліп алынды.

Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл. Осы кезең ішінде жергілікті атқарушы органдарда біліктілік талаптарына сәйкес келетін бос лауазымдар, оның ішінде басшылық қызметтер ұсынылады. Ұсынысқа келісім берген жағдайда, конкурс өткізілмей тағайындалу мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгінде өңірлік резервке қабылданған 25 үміткердің 13-і мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды, олардың 11-і басшылық лауазымдар. Бүгінде резервшілер Қаржы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары басшыларының орынбасарлары, Курчатов қаласы, Ақсуат, Жаңасемей және Мақаншы аудандарының әкімі орынбасарлары ретінде қызмет атқаруда. Сонымен қатар, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының құрылымдық бөлімшелері мен дербес бөлімдерінде де басшылық лауазымдарды иеленіп отыр.

Мәселен, Қ.Б. Ахметжанов бүгінгі таңда облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқаруда. Ол еңбек жолын 2013 жылы Бородулиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жетекші маман ретінде бастаған. Әртүрлі лауазымдарда тәжірибе жинақтап, мемлекеттік қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Өңірлік кадр резерві жастардың кәсіби дамуына және мемлекеттік қызметке белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Бұл бастама жастардың жаңашыл идеялары мен энергиясын еліміздің өңірлерінің дамуына бағыттап, басқару жүйесін жаңғыртуға ықпал етеді. Жас мамандардың басқару саласындағы тәжірибесі мен біліктілігі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, болашақта тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті

Фото ЖИ Recraft