Өңірде 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары басталып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Егіс науқанын сапалы өткізу мақсатында қажетті тұқым қоры дайындалып, техника мен жанар-жағармай ресурстары қамтамасыз етілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Абай облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары – 300 мың гектарға жуық, майлы дақылдар – 340 мың гектар, жем-шөп дақылдары – 138 мың гектар, картоп – 6,6 мың гектар, ал көкөніс және бақша дақылдары – 5,2 мың гектар алқапқа орналастырылады, - деді Ертай Қуанбаев.
Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде майлы дақылдар көлемін сақтау және тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жоспарланып отыр. Егер өткен жылы бұл дақыл 8 мың гектарға егілсе, осы жылы оның көлемі 10 мың гектарға дейін жеткізілмек.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде жоғары өнімді егіс кешендері, сепкіштер мен топырақ өңдеу құралдары бар. Бүгінде техникалардың дайындығы толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында облысқа 14 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетіліп, берілуде. Қосымша қажеттілік болған жағдайда қосымша қаражат қарастырылатын болады,- деді басқарма басшысы Ертай Қуанбаев.
Қазіргі уақытта облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Мамандар егіс науқанын агротехникалық талаптарға сәйкес ұйымдастырып, барлық жұмыстарды 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.



























