Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері Абай облысының Бородулиха ауданында 16 шілде күні тұтанған ірі орман өртін сөндіруге қатысып жатыр.
Тілсіз жауды ауыздықтау өрт қаупінің аса жоғары деңгейі, аптап ыстық пен жетуі қиын жер бедері салдарынан күрделене түсті. Өртпен күреске Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен қатар Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары да жұмылдырылды.
Өрттің ең күрделі ошақтарын сөндіруде су төгу құрылғыларымен жабдықталған армиялық авиация экипаждарына үлкен жауапкершілік жүктелді. Әскери ұшқыштар өрт ошақтарына әуеден су төгіп, жердегі бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап келеді.
Қазіргі уақытта Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 57 тонна болатын 30-дан аса мәрте су төкті. Авиацияның үйлесімді жұмысының арқасында өрттің таралу қарқыны бәсеңдеп, жердегі бөлімшелердің өртті оқшаулауына мүмкіндік туды.
Төтенше жағдайды жою үшін Қорғаныс министрлігінің екі Ми-17 және бір Ми-171Ш тікұшағы жұмылдырылды. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен және басқа да тиісті қызметтермен бірлесіп, өртті сөндіру, елді мекендер мен орман қорын қорғау жұмыстарын атқарып жатыр.


























