Президент цифрлық логистиканы және әлеуеті зор көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды. ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық мақсатымыз.
Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Соңғы он бес жылда мемлекет көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды.
– Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни, Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырып жатырмыз. XXI ғасырда көлік дәлізінің бәсекеге қабілетін инфрақұрылымның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Қазір мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамдығына, цифрлық ықпалдастық деңгейіне және логистиканың ашықтығына байланысты. Сондықтан біз халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз. Осы саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы. Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын. Қытайдың технология саласында жұмыс істейтін компанияларын, логистика операторларын және инфрақұрылым саласындағы инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын перспективті бағыт ретінде атады.
Ол Қазақстан стратегиялық ресурстардың қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енетінін және халықаралық серіктестермен бірлесе қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды көздейтінін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев AgriTech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.
– Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды. Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі. Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Сонымен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады. Бұдан бөлек, біз өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Соның ішінде заманауи логистика орталықтары, автоматтандырылған және тоңазытқышпен жабдықталған қоймалар бар. Жалпы, осы салада түбегейлі әрі ауқымды өзгерістер жасалуда. Бұл іске қытай компанияларын да белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.


























