Семей қаласында әдебиеттің адам өміріндегі рөліне арналған диалог алаңы өтті. Кездесуге ардагерлер кеңесінің өкілдері, жазушылар мен ақындар қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар кітапты білімнің, өмірлік тәжірибенің және адамгершілік құндылықтардың қайнар көзі екенін атап өтті. Цифрлық технологиялар дәуірінде жастардың әдебиетке деген қызығушылығын сақтау маңыздылығына да ерекше назар аударылды.
Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Алин Халықаралық қарттар күні қарсаңында Абай облысында түрлі іс-шараларға толы онкүндік өтіп жатқанын атап өтті.
Халықаралық қарттар күні бүкіл әлемде аталып өтеді, Қазақстан да бұл мерекеден тыс қалған емес. Семей қаласы мен Абай облысы бұл маңызды күнге жауапкершілікпен дайындалып жатыр. Он күн бойы түрлі іс-шаралар өтеді. Бүгін – бесінші күн. Осыған орай Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасымен үндесетін кездесуді өткізіп отырмыз. Өңірімізде жазушылықпен, ақындықпен айналысатын азаматтар аз емес. Бүгінгі диалог алаңына ақындар да қатысты, – деді Мұрат Алин.
Семей қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Бердікенов те кітап пен әдебиеттің адам өмірінде дұрыс бағыт-бағдар берудегі маңызын атап өтті.
Он күн бойы қарттарға құрмет көрсетіп, түрлі іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Бұл кездесулерде ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибесін жастармен бөлісе алады. Бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше. Жастардың кітапқа, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Бұған бізде көптеген мысал бар. Жерлестеріміздің арасында жазушылар көп, олар кітап шығарып келеді. Ардагерлердің әрқайсысының жазушылық еңбекте жинақтаған өзіндік тәжірибесі бар, оны жастармен бөлісе алады. Сонымен қатар осындай жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін, Қазақстан Жазушылар одағымен меморандум жасадық, – деді Кенжебай Бердікенов.
Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған онкүндік ісшаралар аясында мұндай кездесулер жалғасын табады. Олар ардагерлерге мәдени іс-шараларға қатысып қана қоймай, өздерінің білімін, естеліктерін және шығармашылық тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
























