Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Академияның Абай облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Алуа Сабалакова мәлімдеді.
Биыл магистратураға 200, докторантураға 12 адам қабылдау жоспарланған. Магистратураға бөлінген грант саны 80-ге көбейіп, 200-ге жетті.
Құжаттар admission.apa.kz платформасы арқылы қабылданады. Үміткерлерге өтінім беру үшін екі ай уақыт берілген.
Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламаларының саны 12-ден 15-ке дейін ұлғайды. Жаңа бағыттар қатарында «Құқық», «Іскерлік әкімшілендіру» және «Цифрлық мемлекеттік басқару» бар.
Кейбір бағдарламалар бойынша оқу мерзімі ұзартылды. Мәселен, «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар», «Экономика» бағыттарында оқу 2 жылға дейін жалғасады, – деді Алуа Сабалакова.
Сондай-ақ «Өңірлік даму» және «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды.
Магистратурада оқу ұзақтығы бағдарламаға қарай 1 жылдан 2 жылға дейін. Докторантура 3 жылға созылады.
«Мемлекеттік саясат» бағдарламасына түсу үшін ағылшын тілін білетінін растайтын сертификат міндетті, – деп атап өтті спикер.
Өтінімге жеке куәлік, диплом, тіл сертификаттары және еңбек өтілін растайтын құжаттар қоса беріледі. Докторантураға түсушілер зерттеу жобасын ұсынуға тиіс.
Конкурс 5–19 маусым аралығында өтеді. Талапкерлер эссе жазып, сұхбаттан өтеді.
Алдын ала қабылдау 25 маусымда, ал қорытынды нәтижелер 10 шілдеде жарияланады. Жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады.



























